Павлодар облысында тоғыз жастағы баланың саусақтары аяздан үсіп қалды

Павлодар облысында фельдшерлер кейінгі үш тәулікте Екібастұзда үсіп қалудың үш жағдайын тіркеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Қатты аяздан 45, 56 жастағы ер адамдар және бір белгісіз адам зардап шекті. Олардың қолдары мен аяқтарын бірінші-екінші дәрежелі үсік шалып, Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.

Ал Ақсу маңындағы Жолқұдық ауылында дәрігерлер 33 жастағы әйелге көмек көрсетті. Қолын бірінші дәрежелі үсік шалған әйел адамға көмек көрсетілген, алайда ол ауруханаға жатқызудан бас тартты.

Май ауданы Көктөбе ауылында тоғыз жастағы баланың саусақтарын жеңіл дәрежеде үсік шалып, аудандық ауруханаға жатқызылды.

"Үсік шалуға байланысты шақыруларға жеделдіктің бірінші санаты беріледі. Яғни мұндай шақыруларға жедел жәрдем барынша жедел жетуге тиіс. Өкінішке қарай, адамдар мас күйінде қатып қалуы ғажап емес. Бұл – өте қауіпті, өйткені ішімдіктен кейін дененің жүйке реакциясы төмендейді және адам аяқ-қолының үсіп қалғанын байқамауы мүмкін", - деді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!