"Қара шаңыраққа қарындас қарап қалғаны жанға батады". Танымал актер ауылдағы үйіне кім қарап қалғанын айтты

Актер, режиссер Нұрқанат Жақыпбай "Алғашқы" бағдарламасында ата-анасы, бауырлары туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесінің қарындасының сөзінше, ағасын кішкентай кезінде өте сирек көрген. 

"Барлық бауырым бар, бірақ бұл ағамды көрмейтінмін. Өзіме ой келетін: "бұл кісі қай жақта, қандай бауыр?" деп. Сонда шешем "ол бауырларың алыста, Мәскеуде оқиды, келеді-кетеді, көп болмайды үйде" дейтін. Негізі ол кісі үйде көп болған жоқ. Ағам келген кезде кәдімгідей жүрегім елжіреп, "осындай ағам бар екен ғой, қандай әдемі, қандай бауыр" деп, содан кейін бауырым екенін білдім. ...Үйлі-баранды, балалы-шағалы болғанда бәрі дүниеден өтті. Екі бауыр қалдық. Осы қара шаңырақта түтінді түтететін адам қалмағаннан кейін барлығы жиналып, мені осы қара шаңыраққа тастады. "...Бұл үйде қалай отырады?" деп айтады. Күйеуім де "қайтайық, басқа жаққа тұрайық" дейді. Ал мен еш уақытта қимаймын. Туған жеріңе, туған үйіңе келгенде, қалай есік жабық тұрады? Мен бауырым келуі үшін, осы үйде жатып-тұруы үшін осы үйде отырамын деп шешім қабылдадым", - дейді оның қарындасы Ләйлә Жақыпбай.

Нұрқанат Жақыпбай жастайынан оқу оқып, бауырларынан жырақ жүргенін жеткізді.

"Әкем төрт ағайынды болған. Менің үш шешем болған. Үшеуі қатар үйленіп, бір үйде өмір сүрген. Сол кезде өмірге келген екенмін. Үшеуі де мені меншіктейді. Өз шешемді апа деймін. Ол апа сияқты болып қалған. Ана екеуін мама деймін. Әкемнің інісінің балаларын бауырым деп есептедім. Қарындасымыз ең кенжеміз болды. Есейгенде ғана мен өмірге келген бала ғой. Мен ол кезде институтқа түсіп кеттім, Алматыда оқыдым. Содан кейін Мәскеуге оқуға кеттім. ...Әрине, батады (қара шаңыраққа қарындастың қарап қалғаны - еск.). Шын туайтына келгенде, өзімнің істеп жүрген кәсібімді жақсы қолға тапсырсам деп ойлайсың. Елге, ауылға кетсем деген арман менде. Амал жоқ, күйеу бала да сол қарындасымды ертіп, қара шаңырақта отыр. Оны да түсінесің", - деді Нұрқанат Жақыпбай.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!