Министр есірткі өсіретін орындар қалай анықталатынын айтты

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қазақстанда есірткі өсіретін орындар қалай анықталатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның пікірінше, елімізде есірткі ахуалына әсер ететін негізгі фактордың бірі каннабис шикізатының болуы.

"Мұндағы мәселе "Шу алқабы" ғана емес, елдің орталық және оңтүстік өңірлерінде қарасора егумен байланысты. Онымен күресу үшін жыл сайын «Қарасора» операциясы өткізіледі: маусымнан қазанға дейін.

Есірткі егістерін анықтау үшін тікұшақ техникасы, өтімділігі жоғары көлік, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттары қолданылады. Былтырдан бері жер бетін ғарыштан алдын ала тексеру жүргізіліп жатыр. Жыл сайын осы іс-шара шеңберінде 15 тоннадан 20 тоннаға дейін есірткі тәркіленеді. Биыл бұл көрсеткіш соңғы 6 жылда болмаған ең жоғары шегіне жетті: шамамен 37 тонна тәркіленді", - деді Ержан Сәденов Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Сондай-ақ ведомство басшысы қарасора өсірілген қанша орын анықталғанын айтты.

"Егілетін қарасораның өсу аумағына ғарыштық мониторинг жүргізіліп, оның көмегімен 265 есірткі плантациясы анықталды. Келесіде бұл деректерді дербес анықтау үшін жасанды интеллект арқылы спутниктер қолданылады", - деп сөзін түйіндеді министр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!