Бетперде тағып, жан-жағына жалтақтап тұрған: Оралда алаяқ қылмыс үстінде ұсталды

БҚО Киберпол қызметкерлері алаяқты қылмыс үстінде қолға түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

4 желтоқсанда БҚО Киберпол қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде қаладағы "Астана" сауда үйінде банк терминалының қасында қомақты ақша шешіп алып жатқан күдіктіні байқаған. Тағы бір күдікке ілінген жағдай оның ақшаны Google Pay қосымшасы арқылы шешіп алғаны, оның үстіне ақшаны шешіп жатқанда, жан-жағына жалтақтап, медициналық бетперде таққаны болған.

"Өз күмәнін сейілту үшін полиция қызметкері ер адамға жақындап, өзін таныстырып, бірнеше сұрақтар қояды. Алайда ер адам оның сұрақтарына жауап бере алмай, абдырап қалады. Содан кейін полиция қызметкері мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне бірге баруын сұрайды. Содан істің мән-жайы белгілі болады. Тексеру барысында полиция қызметкері алаяқты қылмыс үстінде ұстағаны анықталды. Ол алданған азаматтардың есепшоттарынан ақша шешіп алған", - делінген полиция хабарламасында.

Ұсталған азамат дроппердің рөлін атқарғаны белгілі болды. Одан 2 миллион 624 мың теңге көлемінде ақша және банк картасы тәркіленді.

"Мән-жайды анықтау барысында полиция қызметкерлері сол күні Жамбыл облысының Шу ауданының полиция бөліміне Жамбыл облысының 1976 жылы туған тұрғыны хабарласып, арызданғанын анықтады. Ол өз арызында ұялы телефонына белгісіз ер адамның хабарласып, өзін банктің қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушінің Home Credit Bank шотындағы 1 250000 теңге ақшасын иемденіп алған. Тексеру барысында дәл осы ер адам ақша шешіп алғаны белгілі болды", - делінген хабарламада.

Ұсталған адам 1988 жылы туған Орал қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша соталды тергеу басталды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!