"Әкем асылып қалды". Қарағанды облысында полицей өз-өзіне қол жұмсаған тұрғынды құтқарды

Қарағанды облысында полиция қызметкері өз-өзіне қол жұмсап, асылып қалған азаматты құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

6 желтоқсанда сағат 13:00 шамасында Бұқар-Жырау аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Есқанат Базыловтың ұялы телефонына ауданға қарасты ауылдардың бірінің тұрғынынан қоңырау түскен.

Хабарласқан әйел күйеуінің ішімдік ішіп алып, үйде жанжал шығарып жатқанын айтқан. Бірнеше минут өткен соң сол мекенжайға учаскелік полиция инспекторы барған.

"Мекенжайдағы жер телімінде дуалмен қоршалған екі үй орналасқан. Оның біреуі тұрғын үй болса, екіншісін құрылыс материалдарын жинайтын шеберхана ретінде пайдаланған. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс орны. Жанжал шығарған 45 жастағы тұрғын өзінің іс-әрекетін теріске шығарған жоқ. Сондықтан мен оған қатысты әкімшілік хаттама толтыру үшін материалдар жаза бастадым. Арада бірнеше уақыт өткенде үй иесі киім ауыстырып келем деген ниетпен үйден шығып кетті. Терезеден оның екінші үй, яғни шеберхана жаққа кіргенін көрдім. Арада 5-6 минут өткенде ерлі-зайыптының 13 жастағы қызы жүгіріп келіп, "Әкем асылып қалды" деп айғайлап жіберді. Далаға жүгіріп шығып, шеберханаға кірсем, есіктің тұтқасына асылып тұрғанын көрдім. Онда ешқандай өмір белгілері болмады. Ол есікке бұрағышты қадап, соған жіп байлап асылып қалған. Тамырын ұстасам, ешқандай белгі жоқ. Мойнындағы жіпті босатуға талпындым, алайда ол қысылып тұрғандықтан бірден бұрағышты қағып жіберіп, жерге түсірдім. Осыдан кейін, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрегіне массаж жасадым. Сосын жергілікті жердің дәрігерін шақырып, қызметтік көлкіпен ауруханаға жеткіздім, - деді Есқанат Базылов.

Қазіргі уақытта бұл тұрғын аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы қалыпты деп отыр. Дәрігерлердің айуынша, тұрғын бірнеше минут клиникалық өлім ауызында болған. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!