Хромтау тұрғыны бір ай ішінде дүкеннен 13 рет қымбат ішімдікті ұрлаған

Хромтау тұрғыны бір ай ішінде дүкеннен 13 рет қымбат ішімдікті ұрлаған
Фото: polisia.kz

Бір ай ішінде дүкеннен 13 рет ішімдік ұрлаған Хромтау тұрғыны ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

29 жастағы жігіт бір ай ішінде Хромтауда орналасқан супермаркеттердің біріне 13 рет барып, әрқайсысында 1 бөтелке алкоголь өнімін жасырын жымқырып отырған. Дүкен сөресіне қойылған бөтелкелердің ішінде оны құны 8 мың және 9 мың теңге тұратын виски өнімдері ғана қызықтырған.

Қараша айының басында супермаркетке барған тұрғын сөреден 1 бөтелке алкоголь өнімін алып, күртесінің ішіне салып жасырын алып шыққан. Ол мұны ешкімнің байқамағанын білгеннен кейін ертеңіне дәл сол жерге тағы келіп, тағы қайталаған. Осыдан кейін жігіт мұны әдетке айналдырған. Тіпті бір күнде екі рет: түске дейін және түстен кейін келіп, әрқайсында 0,5 немесе 0,7 литрлік бір бөтелке вискиді тегін әкетіп отырған.

Бұл туралы полицияға желтоқсан айының басында 43 жастағы кәсіпкер арызданды. Ұрланған алкоголь өнімдерінің салдарынан кәсіпкерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 100 мың теңгеден асты.

Полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізу және бейнекамералардың жазбаларын зерделеу барысында күдікті хромтаулық жігітті анықтап, ұсталды. Ол ұрлаған алкогольдік өнімдердің барлығын ішіп тауысқанын айтқан.

Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 187-бабымен қозғалған қылмыстық іс шеңберінде тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан