Мәжіліс пен мәслихат сайлауы. Қандай өзгеріс пен нәтиже бар?

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы. Қандай өзгеріс пен нәтиже бар?
Фото: Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Биылғы сайлау науқанындағы жаңалық – аралас жүйе. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жалпы әлемде сайлаудың кең таралған үш түрі бар. Олар – мажоритарлық, пропорционалдық және гибридтік жүйе. Мажоритарлық сайлау жүйесінде кандитаттар партия атынан емес, жеке тұлға ретінде сайлауға қатысады. Ең көп дауыс жинаған кандидат мәслихат немесе Мәжіліс депутаты атанады.
Саясаттанушы Риззат Тасым мажоритарлық жүйемен сайланған кандиттардың қандай нәтиже беріп отырғанын айтты.
Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша елімізде сайлау 2004 жылы өтіпті. Содан бері 19 жыл ішінде елімізде көптеген партия ауысты, оның ішіндегі басқарушы топтарда өзгерді. Сол себепті биылғы сайлауда партиялар дәстүрі мен дағыларын сәлде болса, жоғалтып алғаны байқалды.

"Мажоритарлық тәсіл арқылы жергілікті тұрғындар аймақтың барлық проблемаларын білетін азаматты сайлай алады. Өздеріңізге мәлім, ол үшін үміткердің қоғамдық ұйым мен партияның мүшесі болуы міндетті емес. Бір мандаттық округтен сайланған депутаттар шынымен де партияларға балама бола алды. Олар партияның күн тәртібіне ілеспей, өзіндік көзқарастарын жеткізуге тырысты. Олардың қоғам сұранысына жауап беруге мүмкіндігі мол. Онымен қоса Парламент сессиясының қорытындысы бойынша мажоритарлық жүйе арқылы сайланған депуттар басқа партиялардан қарағанда көп сауалдар жолдаған. Сонымен бірге бір мандаттық округтен өзін-өзі ұсынған үміткерлердің арасында бәсекелестік те жоғары болып шықты", - дейді Риззат Тасым.

Ол биылғы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына әсер еткен факторларды атады.

"Қалыптасқан әлеуметтік экономикалық қайшылықтар жәнеде сыртқы саяси мәселелер оның бәрі халықтың әлеуметтік оптимизм деңгейін төмендетті. Сондай-ақ бұл қоғамдық пікірдің поляризациялауына әкеліп соқты. Бұл партияларға сайлау науқанын жүргізуге қиындық туғызды", - деді Риззат Тасым.

Мәжіліс сайлауы қалай өтті?

Биыл сайлау аралас жүйе - біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша өткізілді.
69 депутат партиялық тізім бойынша 6 саяси партиядан, 29 депутат бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды.
Парламент Мәжілісіне партиялық тізім бойынша «AMANAT» партиясынан - 40 депутат, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан - 8 депутат, «Respublica» партиясынан - 6 депутат, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан - 6 депутат, Қазақстан халық партиясынан – 5 депутат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан 4 депутат сайланды.
Мәжілістің жаңа құрамында: ерлер – 80 (81.6 %), әйелдер – 18 (18,4%). Депутаттың орташа жасы - 48 жас. 35 жасқа дейін - 12 депутат; 35 жастан 59 жасқа дейін - 69 депутат; 60 жастан жоғары - 17 депутат.
Өткен сайланымдардан Мәжіліс құрамына 34 депутат кірді.
Депутаттар қызметтің түрлі салалары: мемлекеттік қызметтен, бизнестен, үкіметтік емес ұйымдардан, білім беру, медицина саласынан және т. б. келген.
Мәжіліс мандаты қысқарды
Биыл Ассамблеяға тиесілі 9 мандат болмады. Яғни бұдан былай төменгі палатаға 107 емес, 98 депутат сайланды. Қысқартылған бұл 9 мандат осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын депутаттарға тиесілі еді.
Саясаттанушы Индира Рыстина халық уәдесін орындамаған депутаттардың мандатын қалай қайтарып алатынын түсіндірді.

"Бұрын мәжілістегі 98 депутат толығымен тізімнен сайланған болса, биыл саяси өзгерістің арқасында 69 депутат партиялық тізімнен сайланды, ал 29 депутат бір мандаттық округ және әбір аймақтан сайланды. Егер қандай айырмашылық бар деп қарайтын болсақ, бұрын сайлану құқығы тек партия мүшелерінде ғана болған еді.
Сайланған депутаттарды қайтарып алуға да болады. Егер сіз сайлаған депутат өзінің айтқан уәделерін орындамаса, өз округінде азаматтармен байланысын үзіп, мәселесін қарамаса, онда бастамашы топ сол аумақтағы сайлау комиссиясына ұсыныс жасайды. Яғни «біз депутатымызды қайтарып алуға ниеттіміз дегендей...» Алайда бір ерекшелігі бұл процес сайланған депутаттың бірінші жылында және соңғы жылында іске асырылмайды", - деді Рыстина.

19 наурызда өткен еліміздегі барлық деңгейдегі 223 мәслихаттың сайлауы өтіп, халық 3415 депутатты сайлады. Олардың ішінде 668 мандат 20 облыстың мәслихаттарына, 617 мандат 37 қаланың мәслихаттарына, 2130 мандат 166 ауданның мәслихаттарына тиесілі.
Мәслихат депутаттығына үміткерлер болатын кандидаттар міндетті түрде ҚР азаматы болуы және жасы 20-дан кем болмауы қажет. Осы орайда мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин он қағидатпен бөліскен еді.

1. 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады (98 депутаттың 29-ы);
2. Үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік ашылды;
3. Бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды;
4. Партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7%-дан 5 %-ға төмендетілді;
5. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30%-дық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады;
6. Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды;
7. Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген графа енді;
8. Сайлауға 7 саяси партия қатысуға құқылы. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді;
9. Облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істейді;
10. Сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді (республикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны төртеу).

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Қ. Әбілдәқызы