Қызылорда облысының әкімі "ашуын" неге ұстай алмай қалғанын түсіндірді

Фото: Видео кадры

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындардың алдында "ашуын" неге ұстай алмай қалғанын түсіндіріп, әлеуметтік желіде тараған видеоның монтаж екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде журналист "Сұрағым баспана кілтін табыстауға қатысты. Жақында әлеуметтік желілерде "облыс әкімі ашуын ұстай алмай қалды" деген видео кеңінен тарады. Осы жағдайды түсіндіріп берсеңіз" деп сұрақ қойды.

Нұрлыбек Нәлібаев оқиғаның Арал ауданында болғанын айтты.

"Онда біз 100 отбасыға үй табыстадық. Сол үйді табыстау кезінде сіз айтқан жағдай болды. Шын мәнінде онда келеңсіз оқиға болған жоқ. Кеше маған баспасөз хатшым жағдайды баяндады. Оны (видеоны - еск.) шығарған азаматтардың ары білер. Олар өздеріне абырой жинап, рейтинг көтеру үшін осы видеоны монтаждап шығарған. Менің баспасөз хатшымның айтуынша, олар (видеоның - еск.) жылдамдығын көбейтіп өзгертіп, басын әсерлеп, өзіне қажет, халыққа өтетін жағын алып көрсеткен. Олар (бұлай істегенін - еск.) мойындап, кешірім сұрады. (Әлеуметтік желіде - еск.) жазбаларын жариялаған. Оны өздеріңіз де көрсеңіздер болады. Мен олардың кім екенін білмеймін", - деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, сол іс-шараның қалай өткені туралы видео әкімдіктің парақшасында жарияланыпты.

"Өз парақшамызда (Қызылорда облысы әкімдігі - еск.) видеоның түпнұсқасы тұр. Содан көрсеңіздер болады. Қазір біз аудандарға барып, жаңа ғимаратты ашқанда бұрынғыдай жүгіріп, лента қимаймыз. Сол елдің үлкендеріне, ардагерлерімізге лентаны қидарамыз. Олардың батасын аламыз...

Видеоның толық нұсқасын көрсеңіздер, (жаныма - еск.) қарындасымыз келді. Мен ардагерге (кілтті - еск.) апар деп қолыммен көрсеттім. Күн салқын болды. Екінші (кілтті - еск.) алатын адам кезекте тұрды. (Кілтті - еск.) алмағасын оны алып, өзім бердім. Онда тұрған не бар? Баспана алған кісімен суретке түстім. Бара беріңіз деп айттым. Себебі, кезекте тағы кілт алатын адамдар болды.

Әріптестер, өкінішке қарай, кейбір осындай азаматтар өзінің рейтингін көтеру, абырой жинау үшін, тырнақ астынан кір іздеп, осындай әрекетке барады. Мұны дұрыс емес деп есептеймін. Сын айтылуы керек. Оны біз қабылдаймыз, одан қорытынды шығарамыз. Бірақ ол шынайы болуы керек", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Аяз Есен 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!