Ішкиімдерді ақтарып, ерсі әрекетке барған: Алматы облысындағы бір ауылда жаппай ұрлық болып жатыр

Алматы облысы Қызылқайрат ауылында екі аптаның ішінде 20-ға жуық үй тоналған. Ауыл тұрғындары түнгі уақытта көше күзетіп, кезек-кезек рейдке шығып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Астаң-кестеңі шығып жатқан баспанаға ұрылар үй иесі жұмыста болған кезде түскен. Үйдің көрінісін халық бейнежазбаға түсіріп алған. Күдіктілер маңайдағы бірнеше үйді осылай тонаған.

"Үш қыз, екі ұлым бар. Алдынан шығып қалса, куәгер деп өлтіріп тастайды ғой. Мен есігімді бекітіп ұйықтап жатқанмын. Ал бекітілмесе, үйге де кірер ме еді?" - дейді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Маржан Қалқаева.

Дүйім ел үй тонаушылар ұл-қызды зорлап кетпесіне кім кепіл деп алаңдап отыр.  Жұрттың айтуынша, олар ішкиімдерді ақтарып, ерсі әрекетке барғанына қарағанда, күдіктілердің психологиялық ауытқуы болуы мүмкін.

"Екі бірдей сауып отырған сиырымды ұрлап кетіп, төмен жаққа апарып басын кесіп, ішек-қарнын ақтарып тастаған. Газ қостырамыз деп тірнектеп жинаған 950 мың теңге, алтын бұйымдарымды тонап кетті. Полицияға айттық, әзірге еш нәтиже жоқ", - деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Кемелхан Мұхамеджан.

Ұры-қары көбейді деген халық бір айдан бері көшені күзетіп келеді.

"Қорқып қалдық. Жігіттер 4-5 күн болды, сағат 20:00- 03:00 аралығында рейдке шығып жүр. Алдыңғы күні 2, сосын 3 үйді тонап кетті. Кеше рейдте жүрсек, сағат 21:00 шамасында тағы бір үйге ұрлыққа түскен", - деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Ербол Жамбы.

"Он күн ішінде 3 ұрлық жасалды. Бәрі тіркеліп тұр. Тергеу амалын жүргізіп, іздеп жатырмыз. Негізі ұрлықты күндіз жасап жатыр", - деді Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Рүстем Жарықбасов.

"Араға күн салып, ұры-қарыға жем болдық" деген жұрт жергілікті әкімдіктің де жұмысына наразы. Өйткені олар жарығы жоқ, жолдары жасалмаған қараңғы ауыл қарақшыларға қолайлы болып тұрғанын айтты.

"Халық сенімін ақтау үшін жұмыс істеп жүрмін. Бір айдың ішінде 10-нан аса баспанаға ұрлық түскен. Бүгін-ертең бәрін шешіп, жарық қоямын деп айта алмаймын, арнайы процедурасы бар", - деді Алатау ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов

Қызылқайратта қазір 8 мыңнан аса адам тұрады. Тұрғындар мәселе шешілмесе, облыс әкіміне баруға дайын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!