Егеуқұйрық қаптап кеткен: Атырауда науқастар құрылысы аяқталмаған ауруханаға көшірілген

Егеуқұйрық қаптап кеткен: Атырауда науқастар құрылысы аяқталмаған ауруханаға көшірілген
Фото: Almaty.tv

Атыраудағы модульдік ауруханадағы науқастар құрылысы аяқталмаған перинаталдық орталыққа шұғыл көшірілген. Бұған инфекциялық мекемеде егеуқұйрық қаптап кеткені себеп болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Зиянкестерден әбден үрейленген науқастар әлеуметтік желі арқылы шағымын жарыса жазған. Ал денсаулық сақтау саласына жауаптылардың бұған айтар уәжі бар.

Әу баста науқастар қала іргесіндесі модульдік ауруханада жатқан. Кейін егеуқұйрық қаптап кеткен соң құрылысы толығымен аяқталмаған перинаталдық орталыққа көшірілген. Емделушілер алғашында ғимараттың іші салқын болғанын, онда жағдай жасалмағанын жасырмады.

"Басында аздап салқын болды. Пеш қойып, терезелерді жауып берді", - деді қала тұрғыны Алтынгүл Сәтиева.

Нысанның күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқтала қоймаған. Тіпті пердесі енді ілінеді. Ал салаға жауаптылар егеуқұйрықтың қаптап кетуін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырды.

"Кеше қатты жел болған кезде егеуқұйрықтар пайда болды. Қызметкерлер дератизация жұмысын жиі жүргізді. Бірақ даладан жылы жер іздеген жәндік қаптап кетті. Нәресте көп болғандықтан, науқастарды ауыстырдық", - деді облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары Альмира Сабырғалиева.

1991 жылы салынған 5 қабатты перинаталдық орталықтың күрделі жөндеу жұмысына 1 миллиард 400 миллион теңге кеткен. Оның 966 миллион теңгесі ішкі құрылысына жұмсалса, қалғанына желдету жүйесі жөнделген. Бұл ғимарат құрылысы қазір 99 пайыз аяқталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, алдағы уақытта егеуқұйрықтарды жою жұмысы жүргізіледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова