Атырауда деструктив діни ағым өкілдері кәсіпкерлерден миллиондар бопсалап жүрген

Атыраулық полицейлер кәсіпкерлерді бопсалаған қылмыстық топты ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қылмыстық топты 6 желтоқсанда анықтаған. Олар жеке кәсіпкерлерден 10 миллион теңге бопсаламақ болған.

"Полицейлер 1991 жылы туған бір адам, 1996 жылы туған екі адам, 1998 жылы туған бір адамнан құралған күдіктілер тобын 2 миллион 600 мың теңге алу кезінде ұстады. Олардың деструктив діни ағым өкілдері екені анықталды. Жәбірленушілерді наурыздан бері бопсалап, әрқайсынан 5 миллионға жуық ақша қаражатын иемденбек болған", - делінген хабарламада.

Күдіктілер ұсталып, басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 3-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, соталды тергеу басталды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!