Шымкенттік ақын қиындыққа тап болған тұрғындардың азық-түлік дүкеніндегі қарызын төлеп кетіп жүр

Шымкенттік ақын қиындыққа тап болған тұрғындардың азық-түлік дүкеніндегі қарызын төлеп кетіп жүр
Фото: видеодан алынған кадр

Шымкенттік ақын Қажымұқан Абзалов ерекше челлендж бастады. Өнер иесі тұрмысы төмен және белгілі бір себептерге байланысты қаржылық тапшылыққа тап болған бейтаныс тұрғындардың азық-түлік дүкендеріндегі қарызын төлеп кетіп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Игі істің бірнеше видеосын ақын ТікТок парақшасында жариялаған. Оның бірінде Қажымұқан Абзалов қасындағы досына жақсы істі бірге жасауға ұсыныс айтады.

"Ойланып келе жатырмын. Әдемі көлік мініп, әдемі киім киіп алғанбыз. Жақсылық жасап жіберсек пе деп отырмын. Қалай ойлайсың? Кез келген дүкенге кіріп, кез келген адамның қарызын жабамыз", - дейді автор.

Бұдан соң қос жігіт кез келген дүкенге кіріп, қарыз дәптерді сұрайды. Сатушының айтуынша, тұрмысы төмен бір отбасының қарызы 16 735 теңге, екіншісінің дүкенге берешегі 12 мың теңге екен. Сол сәтте сатушы қарызы төленген тұрғынның біріне хабарласып, қуанышты хабарды жеткізеді. Бұл әйел күнделікті азық-түлікті қарызға жаздырып алудан бөлек, әр жұма сайын дүкенде тегін берілетін нанның бірнешеуін алып кетуге мәжбүр екен.

12 мыңға жуық қарызы жабылғанын естіген тұрғын бейтаныс жандардың бұл сауапты ісіне алғысын жаудырады.

Кейін жігіттер тағы бір дүкенге кіріп, құрылыста жалдамалы жұмысшы болып, ата-анасы мен бауырларын асырап отырған бейтаныс жігіттің 65 010 теңге қарызын төлеп кетеді. Ал келесі дүкенге кірген олар үш баласымен жесір қалған әйелдің 54 мың теңгеге жуық қарызын "жабады".

Видеоны парақшасына жүктеген соң Қажымұқан Абзаловқа Желі қолданушыларынан игі іс өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен челлендж бастау туралы ұсыныс түсіпті.

"Желіде челлендж басташы деген әңгіме айтылып, жазып жатыр. Бастап көрейікші. Үйіңізден шығыңыз, ең жақын дүкенге кіріңіз. Дүкеннің сатушысы сізге сол жердегі ең мұқтаж жанның жағдайын айтып береді. Сырттан қарызын жабыңыз да, кетіңіз. Жүректің қалай рақаттанып, қалай тынышталатынын сол кезде көресіз.  Ал челлендж басталды. Қарызы бар қазақ қалмасыншы", - дейді ақын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан