Мархаба Сәби: Бүгінгі эмоциялар ертең тарихқа айналады!

Мархаба Сәби: Бүгінгі эмоциялар ертең тарихқа айналады!

16 желтоқсан күні елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Астана тұрғындары мен қонақтарының көзаймына айналған "Мәңгілік ел дауысы" ұлттық караоке-шоуы тағы да өтпек. Бұл форматы ерекше шоу барысында сахнадағы әртістермен бірге көрермендер қосылып ән шырқайды. Биыл шоуда еліміздегі ең танымал орындаушылардың үздік әндері мен ырғақты би қойылымдары ұсынылады.   

"Бірге ән сал!" ұранымен өтетін концертке келушілер үшін отандық эстраданың жарық жұлдыздары - Kalifarniya, Ayree, Мархаба Сәби, Қазыбек Құрайыш, Ерболат Құдайберген мен Alpha тобы өнер көрсетеді.

"Әнсүйер қауымға жалынды сәлем! Астана тұрғындары мен қонақтарын "Мәңгілік ел дауысы" ұлттық караоке-шоуына шақырамын. Сіздер үшін өнер әлеміндегі ерекше, ешкімге ұқсамайтын әртістер өнер көрсетпек. 16 желтоқсанда Бейбітшілік және келісім сарайына келетін әр көрерменге толық жанды дауыс пен қайталанбас атмосфера болатынына уәде беремін!", - дейді шоуға қатысатын әншілердің бірі Мархаба Сәби.

Әнші, әрі түрлі туындылар авторы Мархаба Сәби өзін Қазақстанның тәуелсіз поп-музыкасы өкілдерінің қатарына қосады.  Тыңдарманға жүрек тебірентер әсерлі әндері мен сахнадағы ерекше образымен таныс әнші бала кезінен атақты болуды армандаған. Өнер иесі 2014 жылы "Славян базары" байқауына қатысқан соң, кеңінен таныла бастады. Кейін "Қазақстан дауысы" жобасына қатысты. Ал Мархаба Сәбидің The Voice Kids Kazakhstan балалар байқауының әділқазылар алқасында болып, "жаңа Уитни Хьюстон" – жас әнші Сұлухан Жарылқасынның дарынын ашқаны баршаға мәлім.

"Концертке келушілерге әдемі әуендер мен әсерлі әндер ұсынамын. Жанды дауыста ән айту – әрқашан ерекше өтеді, әр шыққан сайын жаңа тәжірибе жинақтаймыз. Сондықтан "Мәңгілік ел дауысында" дәл сол сәттегі сезімдерімді көрермендермен қуана бөлісемін, - дейді әнші.

Бүгінде Мархаба Сәби музыка әлеміндегі трендтерге әсер ететін сыршыл композициялармен жазумен айналысады. Сонымен қатар, "Ауыл мұғалімі" телехикаясы мен "Мен сені сүйемін"  фильмінің композиторы болған.

"Әлемде мен сүйіп тыңдайтын сан алуан әдемі ән бар. Сондықтан біреуін ғана бөліп-жарып айту қиындау. Караокеде көңіл-күйіме сай келетін әндерді таңдап, айтамын. Классикалық ариялардан бастап, рок стиліндегі әндерді айта беремін.  Құрметті қазақстандықтар! Баршаңызға 16 желтоқсанда өтетін концертті тамашалап, кештің керемет атмосферасын сезінуге кеңес беремін. Бүгінгі эмоциялар ертең тарихқа айналады!", - деп сөзін түйіндеді Мархаба Сәби.

Жоба ұйымдастырушылары - "Pantograph" ЖШС мен Астана қаласының әкімдігі, шараға Alash Media Group медиахолдингі мен  RTS DECAUX компаниясы ақпараттық қолдау көрсетеді. Биыл концерт билеттері санаулы күн ішінде сатылып кетті. Бұл – нағыз ұтымды формат пен халықтың орындаушыларға деген махаббатының айқын дәлелі!

Баршаңызды 16 желтоқсан күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін "Мәңгілік ел дауысы" шоуында күтеміз. Бірге ән сал!

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз