Құранды музыкалық аспаппен сүйемелдеп оқуға бола ма?

Қазір Желіден құранды музыкалық аспаптармен сүйемелдеп оқыған видеоларды кездестіруге болады. Ол қаншалықты дұрыс? Бұл сұраққа Fatua_kz-ке Сансызбай Құрбанұлы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сансызбай Құрбанұлы құранды музыкалық аспаптармен сүйемелдеп оқуға болмайтынын айтты.

"Бұл нәрсе шариғатта тыйым салынған. Шариғатымызда құран кәрімді музыкалық аспаптармен сүйемелдеп оқу - харам. Ғұламаларымыз былай дейді: құран кәрімді музыкалық аспаптармен сүйемелдеп оқу құранға деген құрметсіздік, әдепсіздік болады. Өйткені құран кәрім ешқандай қолдауға, қуаттауға мұқтаж емес, ол - Алла Тағаланың түсірілген хақ кітабы. Жаратушы Алла Тағала бүкіл жаратылыстан қандай ұлы болса, құран кәрім әлемдегі бүкіл сөзден сондай ұлы. Құран кәрімді атам-қазақ ғасырлар бойы құрметтеп келгенбіз. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа құранды дауыстарыңмен көркемдеңдер деген. Адам өзінің көркем даусыменен оның тоқтайтын жерлеріне көңіл бөліп, оның мағынасы мен мазмұнын жүрегіне сіңіріп, ақылымен жүргізіп оқыса, сонда міне Раббымыз айтқандай, Пайғамбарымыз көрсеткендей шариғатқа сай болады. Ата-бабамыз құранды қалай құрметтеп келсе, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы солай құрметтеп алып бара жатыр", - дейді Сансызбай Құрбанұлы.

Оқи отырыңыз: Өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шығарыла ма?