"Алматы жастары" бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін тағы ондаған азамат баспана ала алады

"Алматы жастары" бағдарламасы бойынша 2023 жылдың соңына дейін 55 ипотекалық несие беріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы мәслихаттың кезектен тыс XI сессиясында Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков мәлімдеді. 

"Бюджеттен қосымша 965 миллион теңге бөлінеді. Бұл әлеуметтік, құқық қорғау, коммуналдық және басқа да салаларда еңбек ететін жас азаматтар үшін қосымша 55 ипотекалық қарыз беруге мүмкіндік береді", - деді Қанат Сухамбеков.

"Алматы жастары" бағдарламасы бойынша төмен пайызбен, яғни жылдық 5 пайыздық несиемен 18 миллион теңгеге дейін заем беріледі. Қарызды әркім төлеу қабілетіне қарай, 3-тен 25 жылға дейін қайтара алады.

Айта кетейік, биыл "Алматы жастары" жеңілдетілген тұрғын үй несиелеу бағдарламасына қатысуға 11 104 адам өтініш берді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!