Дәретхана мен су жоқ: Түркістандағы интернатта 3 бала едені бетон бөлмеде қамауда отырған

Дәретхана мен су жоқ: Түркістандағы интернатта 3 бала едені бетон бөлмеде қамауда отырған
Фото: іnstagram.com/ombudsperson_kz

Түркістанда интернаттың 3 баласы едені бетон бөлмеде қамауда отырған. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдер айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шымкент пен Түркістан облысы бойынша Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар мектеп-интернатта балалардың қорланғанын анықтады. 

"Іс-сапар барысында қатысушылар мекеме аумағында үш кәмелетке толмаған балалар қамауға алынған қосалқы бөлмені анықтады. Медбикенің айтуынша, балалар қызылшамен ауыратындықтан, онда оқшаулау үшін орналастырылған. Алайда кәмелетке толмаған жеткіншектер қамалған үй-жайдың жағдайы нашар: едендері бетон, терезесі сынған, дәретхана мен су жоқ. Сонымен қатар, олар ешқайда барып көмек сұрай алмайды - мекемеде телефон байланысы жоқ, WiFi да қолжетімсіз", - делінген хабарламада.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің сөзінше, бұл деректер қызметкерлердің балаларға қатыгездікпен қарайтынын растайды. 

Адам құқықтарын қорғау ұлттық орталығының басшысы Салтанат Тұрсынбекова Түркістан облысының прокуратурасына қатыгездік көрсету дерегі бойынша процестік шешім қабылдауды және қабылданған шаралар жайында есеп беруді сұрап, хат жолдады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек