3 мыңға жуық жамбылдық отбасы тұрғын үймен қамтылады - Ербол Қарашөкеев

3 мыңға жуық жамбылдық отбасы тұрғын үймен қамтылады - Ербол Қарашөкеев

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Астанада ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында өңірдегі тұрғын үй саласын дамыту, халықты ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биыл жыл соңына дейін 2732 отбасын баспанамен қамту жоспарланып жатыр. Оның ішінде бөлінген 7,6 миллиард теңгеге халықтың әлеуметтік осал санаты үшін 797 пәтер сатып алынады. Жыл басынан бері көппәтерлі 21 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 1053 отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Жаңа тұрғын үй алқаптарындағы 869 учаскеге инженерлік инфрақұрылым тартылып жатыр. Елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтуды ұлғайту мақсатында су құбыры желілерін жүргізу және жаңарту бойынша 54 жоба жүзеге асып жатыр, оның 47-сі жыл соңына дейін аяқталады.

Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде ауызсумен қамтылған халықтың үлесі ауылда 94,8 пайыздан 96,5 пайызға дейін және қалаларда 93,6 пайыздан 97,5 пайызға дейін жетеді деп көзделіп жатыр.
Бүгінде 11,8 миллиард теңгеге 36 елді мекенде 16 жобаны іске асады десек, ағымдағы жыл соңына дейін 9 мың адам тұратын 11 елді мекен көгілдір отынға қосылады деп жоспарланып жатыр.

Сондай-ақ, өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін арттыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. 2023 жылға жалпы 809,5 шақырымды құрайтын жолдарды жөндеу жоспарланса, бүгінде оның 787 шақырым (97,2 пайыз) шақырымында жұмыстар аяқталды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз