Жеңіс Қасымбек астаналықтарға үндеу жасады

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек астаналықтарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әкім ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

"Түнгі уақытта жауған жаңбырдың салдарынан көктайғақ орнады. Коммуналдық қызметтер түннен бастап жолдар мен тротуарларға құм-тұз қоспасын сеуіп жатыр. Оқыс жағдайға ұшырап, жарақат алмас үшін қарттар мен балалар көшеге шықпағаны жөн. Ал көлік иелері өте мұқият болуы және қашықтықты сақтауы қажет. Травматологиялық пунктердің жұмысы күшейтілді", - дейді әкім. 

Жеңіс Қасымбек аудан әкімдіктеріне және МИБ/ПИК-ке аулалар мен қоғамдық орындарға инертті материал шашу тапсырылғанын айтты. 

Еске салайық, бүгін Астанада оқушылар мен колледж студенттері қашықтан оқиды. Бұл туралы Астана Білім басқармасы хабарлады. 

Қашықтан оқыту форматына бірінші ауысымның 0-11 сынып оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттері жіберілді. Сондай-ақ, Ақмола облысында көктайғақ салдарынан үш тасжол жабылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз