"Иесін қимайды": Атыраулық кинолог жауынгер құтқарушы иттер туралы айтып берді

Бірнеше жылдан бері кинология саласында еңбек етіп келе жатқан Тұрар Сәрсенғалиев құтқару саласында жүрген әр иттің өзіндік ерекшеліктері болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Кейде кинолог түрлі себептермен басқа қызметке ауысып кетуі мүмкін. Мұндай жағдай "жауынгер" итке ауыр тиеді. Себебі, оның жаңа иесіне үйренісіп кетуі қиын. Ол үшін тіпті екі жылдай уақыт кетуі мүмкін", - дейді кинолог Тұрар Сәрсенғалиев.

Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы болып еңбек етіп жүрген Тұрар Сәрсенғалиев қазіргі уақытта мұнда Гром мен Олли есімді иттерді техногендік және табиғи апат жағдайында құтқару жұмыстарына үйретіп жүр. Айтуынша, кез келген ит кинология саласына келе алмайды. Иттің тегі айтарлықтай маңызға ие екен.

"Олли мен Громның тегі бельгиялық. Туған сәттен бастап, ерекше режимде тәрбиеленіп жатқан бұл иттердің сезу қабілеті, ішкі түйсігі өте жоғары дамыған. Олар адам бара алмайтын үйінділердің арасына оңай кіріп, зардап шеккендерді жылдам табады.
Мәселен, Гром техногендік сипаттағы апат кезінде құтқару операциясына арналған оқу-жаттығу кезінде небәрі 10 минут 30 секунд ішінде 5 адамды тауып, республика бойынша үздік нәтижені көрсетті. Бұл күн сайын жұмсап жатқан күш-жігер, еңбектің нәтижесі", – дейді кинолог Тұрар Сәрсенғалиев.

Кинолог иттер бірден құтқару операциясына жіберілмейтінін, олар шамамен 2 жыл бойы арнайы дайындықтардан өтетінін айтты. Осынау мерзім ішінде кинолог иттің мінезін, темпераментін біліп, осыған қарай жұмыс жүргізу стартегиясын құрады екен.

Баян Жанұзақова

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!