18 жылдан бері хабарсыз кеткен әйел басынан өткен оқиғаларды айтып берді

18 жылдан бері хабарсыз кеткен әйел басынан өткен оқиғаларды айтып берді
Фото: Tengrinews.kz

Атырауда полицейлер 18 жылдан бері із-түссіз жоғалғандар есепте тұрған Түркістан облысының тұрғынын тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әйел адам 16 жасында ата-анасымен болған жанжалдан кейін үйінен кетіп қалған. 2005 жылы үйінен кетіп қалған оның күні бүгінге дейін Қазақстанның түрлі қалаларын паналап келгені анықталды.

"Жәй ғана кикілжіңге бола үйден кетіп қалғаннан кейін, жақындарыммен араласпадым. Толықтай байланысты үздім десем де болады. Сол уақыттан бері алдымен Алматыда, кейін Шымкент қаласында тұрып, еден тазалаушысы болып жұмыс істедім. Тек бірнеше күн бұрын ғана Құлсары қаласына келген едім. Осы уақытқа дейін жеке басымды куәландыратын құжат та алмадым", - деді жоғалғандар тізімінен шығарылған түркістандық тұрғын.

Аталған жағдайға байланысты атыраулық полицейлер Түркістан облысының полиция департаментіне хабар берген.

"Азаматшаны анасымен сөйлестірдік. Енді олардың қауышатын күні де алыс емес. Қазіргі уақытта азаматшаның жеке басын куәландыратын құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Азатша полиция бақылауында. Оны туыстарына жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдануда", - деді Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз-хатшысы Мейірім Ердәулет.

Баян Жанұзақова

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы