Сегіз тілде сөйлейтін қазақстандық талант иесі Оксфордта өнер көрсетті

Сегіз тілде сөйлейтін қазақстандық талант иесі Оксфордта өнер көрсетті
Фото: видеодан алынған кадр

Ұлыбританияда Оксфордта Рахат-Би Әбдісағынның концерті өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Композитор әрі пианист Вулфсон колледжінде әлем классиктерінің шығармаларымен қатар, өзінің жеке туындысын да орындады. Рахат-Би қаршадайынан күй сандықтың құлағында ойнайды. Ол - жиырмаға жетпей жатып, жер жүзін мойындатқан композитор әрі пианист. Әлем халқы оның жеке концертін көруге ынтызар. Бұл мүмкіндік Оксфорд жұртшылығына да бұйырған. 

"Ұлы классикалық шығармашаларды орындап бердім. Бұл - менің Вулфсон колледжі Оксфорд университеті қауымдастығына берген ризашылығымның белгісі. Бір үлкен жоспарым - Қазақстан Республикасын әлемге өз өнерім және ғылым арқылы таныту", - дейді Рахат-Би Әбдісағын.

Рахат-Би Оксфорд университеті Вулфсон колледжінің арнайы шақырумен келген. Мұнда ол кванттық физика мен замануи музыканың байналысын зерттеп жүр. Жақында ғана Ұлыбритания ғалымдары Рахат-Бидің ғылыми еңбегімен танысып, пікірталасқа салған. 100-ге жуық профессор оның ізденістеріне жоғары баға беріп отыр.

Көрермендер Бах, Бетховен, Шопен және басқа да классиктердің шығармаларын ұйып тыңдады. Рахат-Би өзінің төл туындысын да орындады. Cегіз тілде еркін сөйлейтін өнерпаз әр нөмірдің алдында шығармаларға түсініктеме де беріп отырған. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова