Ажырасуға келген күні әйелін пышақтап өлтірген ер адамға үкім шықты

Қарағандыда ажырасу процесі кезінде әйелін өлтірген ер адамға қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушыға екі бап бойынша айып тағылған. Ол әйелін өлтірді және суық қаруды заңсыз алып жүрді деген күдікке ілінген болатын.

Жантүршігерлік қылмыс биыл 26 мамырда Ботақара ауылындағы Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде болған. Ерлі-зайыпты ажырасуға келген кезде ер адам қалтасынан пышақты алып, әйелін пышақтап тастаған. Әйел адам жедел түрде ауруханаға жеткізілгенімен оны құтқару мүмкін болмады. Әйел адам қайтыс болды.  

"Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген. Сот үкімімен ол кісі өлтіргені және суық қаруды заңсыз алып жүргені үшін кінәлі деп танылды. Қылмыстардың жиынтығы бойынша оған орташа қауіпсіздік ҚАЖ мекемесінде жазасын өтей отырып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Іс бойынша кінә мен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - деді Қарағанды облысының соттың баспасөз қызметі өкілдері.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!