"Бюджеттен 12 млн теңге бөлінген". Тұрғындар интернет сапасына шағымданды

"Бюджеттен 12 млн теңге бөлінген". Тұрғындар интернет сапасына шағымданды
Фото: elements.envato.com

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Ақтау ауылының тұрғындары сапалы интернетке зәру. Жұрт онлайн рәсімдеуге болатын қызметтер үшін 140 шақырым қашықтағы аудан орталығына сабылуға мәжбүр. Ал ұстаздар болса электронды журналға баға қоя алмай қиналады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv арнасына сілтеме жасап.

Интернеттің жоқтығы оқушылардың да сабағына көп кедергі келтіруде. Елдімекенге 2021 жылы мұнара қойылып, желі тартылған. Оған қазынадан 12 миллион теңгеге жұмсалған.

Халықтың айтуынша,  сапасыз істелген жұмыстың салдарынан интернет түгілі телефон байланысының өзі нашар

"Комиссия келіп, ол вышканы қабылдады. Ол вышка мысалы үшін ертең үлкен лакатор қойған кезде оның металы да әлсіз көтермейді. Оны керіп қойған тростарының өзі сапасыз. Кей жерін сыммен жалғаған. 12 миллион ауаға кетіп тұр ғой. Бір үш миллион кеткен шығар шынына келсек", - деді Ақтау ауылының тұрғыны Әділет Төлегенов. 

Жұрт мәселені аудан, тіпті облыс әкімдігіне бірнеше рет айтқан. Бірақ, әлі күнге шешілмеген. Мамандар қазіргі тұрған мұнараның интернетті таратуға күші жетпейтінін айтты. Енді оны өзге сапалысына ауыстыруға кемі 150-200 млн теңге керек.

"Бүгінгі күні жағдай мынадай. Интернет операторлары Ұлытау облысы әкімдігіне тиісті құжаттар берген. Ол жаққа антенналық діңгек құрылымын орнату керек. Онымен қоса, жер берілу керек. Қазір оның барлығын орындау үшін, жұмыстар қолға алынды. Қаржы бөлу мәселесі де қарастылып жатыр", - деді ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитетінің басқарма басшысы Диас Төлегенов. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы