Қостанайда екі жігіт 40-қа жуық қызды интим фото-видеосы үшін бопсалаған

Қостанай полициясы 40 жәбірленушіге қоқан-лоқы көрсеткен екі бопсалаушыны ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бірқатар қылмыс жасады деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Олардың біреуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қостанай облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен ақша бопсалау фактісін анықтады.

Күдіктілер жас қыздардың сеніміне кіріп, олардың қатысуымен интимдік фотосуреттер мен видеоларын таратамын деп қорқытып, ақша бопсалаған.

"Чат-бот арқылы зардап шеккендерге алдымен видеоға билеп, содан кейін киімдерін шешу ұсынылған. Әр манипуляция үшін донат қыздарға электронды ақша түрінде түсті. Соңында бот бұл бейнелерді әлеуметтік желілерге таратпау үшін өзіңіз төлеуіңіз керек деген хабарлама жіберді. Егер ақша болмаса, онда сіз таныс адаммен онлайн режимінде жыныстық қатынасқа түсуіңіз керек", - деді ҰҚҚІҚБ бастығы Серік Байгонов.

Осы дерекке сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы ("Бопсалау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазірдің өзінде 40-қа жуық қыз бопсалаушылардың құрбаны болуы мүмкін екені анықталды. Іс бойынша интимдік фото және бейне материалдары бар электрондық ақпарат тасығыштар тәркіленді. Олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз