Тоқаев Дубайдағы самитте Арал теңізі мәселесін көтерді

Тоқаев Дубайдағы самитте Арал теңізі мәселесін көтерді
Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

"Ең алдымен, СОР28 саммитіне төрағалық еткені үшін Жоғары Мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға зор алғысымды білдіремін. Бүгінде жер шарындағы халықтың тең жартысы климаттың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ететін өңірлерде өмір сүріп жатыр. Шағын аралдардағы мемлекеттерге, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және дамуы кенжелеп қалған елдерге зор қауіп төніп тұр. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық және энергетикалық қауіпсіздіктің болмауы да климат мәселесіне назар аударуды қиындатып отыр", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге Қазақстан болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның көкейтесті үндеуін толық қолдайтынын айтты.

"Біз Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші елміз және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдадық. Қазақстанның жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторында "жасыл" технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді. Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ "жасыл" сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Біз осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз. Қазақстан – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет. Бұл ретте еліміз дүниежүзі бойынша уранның 43 пайыз тасымалын қамтамасыз етеді. Біз жаһандық деңгейде электр энергиясын көміртегі қалдықтарынсыз өндіру ісінде шешуші рөл атқарамыз", - деді ол.

Президент шын мәнінде, алдағы онжылдықта аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін минералдар әлемді декарбонизациялау деңгейі бойынша баға жетпес ресурсқа айналатынын және Қазақстан өтпелі кезеңде осындай минералдардың негізгі жеткізушісі болуға дайын екенін мәлімдеді.

"Сонымен қатар біз жекелеген "жасыл" бастамаларды белсенді түрде қолдаймыз. Мысалы, Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығы пластикалық қалдықтардан құтылу жөніндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы экологияны қорғауға өз үлесін қосып отыр. Климатты қорғау үшін экономикасы дамып келе жатқан елдерден ұлттық өркендеуі мен жаңғыруын құрбан етуді талап етпеген жөн. Бұл принципті әрі әділетті ұстаным деп санаймын. Керісінше, аталған мақсаттар қатар жүруі және бір-біріне дем беруі керек. Осы орайда батыл қадамдар жасау қажет", - деді ол.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырды.

"Өздеріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақстан келесі жылы Қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы шеңберінде "Біртұтас су" атты бірінші тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиынға тең төраға болатынымызға қуаныштымыз. Биылғы COP28 саммитінің табысты өткенін ескере отырып, барлық қатысушы мемлекетті 2024 жылдың маусым айында ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумына қатысуға шақырамын. Форум климатқа қатысты осы өткір мәселелер бойынша мақсатты ынтымақтастықты СОР29-ға дейін жалғастыратын диалог алаңы бола алады", - деді Тоқаев.

Президент Орталық Азиядағы климатты қорғау жөніндегі іс-қимылдарға тың серпін беру мақсатында БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өткізуге шешім қабылданғанын да айтты.

"Климат жөніндегі төтенше жағдай – жаһандық дағдарыс. Оған бүкіл әлем болып төтеп беру қажет. Бәріміз Жер шарын сақтауға және баршаға ортақ орнықты даму мақсаттарын қамтамасыз етуге жауаптымыз. Қазақстан ұжымдық іс-әрекет пен ынтымақтастықтың арқасында ғана климаттық дағдарыс проблемасын шеше алатынымызға кәміл сенеді", - деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан