"3 күнде 35 келіні әзер саттық". Қызылордалық кәсіпкер "Қазалы" кәмпитінің қалай брендке айналғанын айтты

"3 күнде 35 келіні әзер саттық". Қызылордалық кәсіпкер "Қазалы" кәмпитінің қалай брендке айналғанын айтты
Фото: Нұрбек Қазбергенов ұсынған сурет

Қызылорда облысынан шығатын “Қазалы” кәмпиті күріш пен балық сияқты трендтегі базарлық қатарында. Жарты ғасырлық тарихы бар өндіріс 90-жылдар тоқырауында тоқтап қалған еді. 2012 жылы оған жергілікті жас кәсіпкер Нұрбек Қазбергенов қайтадан жан бітірді.  Massaget.kz тілшісімен сұхбатта ол облыс брендінің тарихы, кәсіпті жандандырудағы қиындықтар туралы айтып берді. 

Кейіпкеріміздің айтуынша, "Қазалы" кәмпитінің тарихына байланысты көптеген нұсқа бар. Бұл атау негізінен бұрынғы кірпіш зауытымен қабаттаса жүреді.

"Менің білуімше, ең алғаш рет Самұрат деген өзбек кісі шығарған деседі. Бұл Қазалыда кірпіш зауыты құрылып жатқан кез болса керек. Өткен ғасырдың елуінші жылдары. Кәмпитті үйінде мәрмәр тасқа қайнатып алады екен. Мен оны кірпіш зауытының тұңғыш қазаншысы болған марқұм Қасым атадан естідім. Цех жұмысын бастар алдында сол кісіден тәжірибе алдым. Кеңес одағы кезінде өнімді тарату қиын болмаса керек. Одақ құрамындағы мемлекеттерге тарап, солай атағы жайылған", - деді Нұрбек Қазбергенов.

Жас кәсіпкер бастапқыда барлық процесс қолмен атқарылғанын айтты. Ол былай. Алдымен шәрбатты қазанға қайнатып алады. Массаға айналған кезде қамыр сияқты илейді. Бірнеше адам оны қалыпқа келтіріп, суыған соң қайшымен кеседі.

"Ең бірінші сыртқа, Шымкентке апарғанымызда сатушы "мынадай кәмпит әлі шыға ма?" деп күлген. Сөйтсек, біреуі жіңішке, біреуі жуан, біреуі қысқа дегендей. Біз оған мән бермегенбіз. 3 күнде 35 келіні әзер саттық. Онда да бұрын Қазалыда тұрған, сол жақта дүкені бар адамдарды іздеп тауып, соларға өткізгенбіз. Мұны "ащы кәмпит" деп әспеттеп жүрген өзіміз екен. Көрші облыстан солай басым салбырап қайтқан", - деді кейіпкеріміз.

Нұрбек Қазбергенов "Қазалы" кәмпитінің кең таралу себебін бір кездері елден үдере көшкен Арал, Қазалы халқының сағынышымен байланыстырды.

"Кәмпиттің әркелкі болғаны жарамайды. Цехты автоматтандыру керек екеніне көзім жетті. Қырғызстан, Қытайға барып, кондитерлік цехтардың жұмысымен таныстым. Қызылордаға келгесін цехты мемлекеттік бағдарлама арқылы ішінара жартылай автоматтандырылған жүйеге көшірдім. 4 адамның жұмысын бір аппарат атқаратын болды. Оған дейін 30 адам жиналғанның өзінде 400-500 келі кәмпитті әзер шығаратын едік. Соны небәрі 4 адам атқаратын мүмкіндік туды. Керек-жарақты толық алуға ұзақ жыл керек болды", - деді кейіпкеріміз.

2016 жылы "Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауында "Қазалы" кәмпиті үздік атанды. Кәсіпкер өнім бағасындағы өзгеріс себебін нақтылады.

"Біз өнім шығара бастаған кезде қант бағасы 125, кәмпит қаптамасы 800 теңге еді. Жұмысшыларға 1 келі кәмпит орағаны үшін 7 теңгеден берілетін. Қазір баға басқа. 800 теңгенің қағазы 3,5 мың теңге тұрады. 3 мың теңгенің хош иістендіргіш қоспасы 18-25 мың теңге аралығында. Бағаның көтерілу себебі осы. Қазалыда тағы 15 шақты кәсіпкер үйінен кәмпит шығарады. Олар жұмысшыға 7 теңгенің орнына 80 теңге береді. Қымбатшылық бәріне тән. Дегенмен, цехты автоматтандырғанның арқасында біздің баға олардікінен 150-200 теңгеге төмен", - деді кәсіпкер.

Кәсіпте белгілі бір жетістікке жету жолында небір қиындықтан өтесің. Бизнеске анасы жол салып берген жігіт өткен шақты еске алды.

"Тәуекел етесің. Оның бірінде жолың болуы мүмкін. Бірінде ісің кері кетуі мүмкін. Көп қателік жібердім. Еш пайдаға аспаған аппарат үшін несие төлеген де кезім бар. Әлі төлеп келе жатырмын. Солай сабақ алдым, тәжірибе жинадым", - деді ол.

Назерке Саниязова

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы