Шаштың ұшын ешқашан кеспесеңіз не болады? Трихолог жауап берді

Шаштың ұшын ешқашан кеспесеңіз не болады? Трихолог жауап берді
Фото: Freepik.com

Сәннің жыл сайын өзгеретініне қарамастан, кейбір әйелдер ұзын шаш - әйел көркінің кепілі деп санайды. Алайда шаштараздар шаштың қаншалық ұзын болғанын қаласаңыз да оның ұшын қысқартып тұру керек екенін айтады. Осыған байланысты дерматолог, трихолог Ольга Саперова шаштың ұшын кесу оның саулығы мен күйіне қалай әсер ететінін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Новости Mail.ru-ға" сілтеме жасап.

Трихологтың айтуынша, ұзақ уақыт бойы шаштың ұшын қысқартпау, шаш күйінің нашарлауына әкеп соқтырады. 

"Шаштың ұшын кесуден бас тарту оның құрылымының бұзылуына әкелуі мүмкін. Шаштың ұшы екіге айырылған кезде, бұл оның қорғаныш кутикуласы жоқ екенін білдіреді. Шаш қорғанышсыз зақымдануға осал болады. Ақау шашқа таралуы мүмкін. Ұштанған шашты уақытылы кесіп тастамасаңыз, шаш сынғыш, құрғақ болады. Шаштың сыртқы келбеті мен жағдайы айтарлықтай нашарлайды", - дейді маман.

Шаш жағдайының нашар екенін, енді қалпына келмейтінін қалай білеміз?

  • Сынғыш;
  • Шамадан тыс құрғақтық;
  • Күтім жасасаңыз да ұштанған шаштың пайда болуы;
  • Шаштың серпімділігі жоқ.

Шаштың ұшын қанша уақытта бір қысқартып тұру қажет?

"Шаштың ұшын кесу жиілігі оның жалпы күйіне байланысты. Әдетте шаштың ұштарын әр 6-8 апта сайын қырқу ұсынылады, бірақ егер сіздің шашыңыз химиялық әсерге ұшыраған болса, онда жиі кесу қажет болуы мүмкін", - деп түсіндірді трихолог.

Шаштың ұзын болып өсуі үшін не істеу керек?

Маманның айтуынша, егер сіз шашыңыздың ұзындығын белге дейін, ал өзі сау әрі әдемі болғанын қаласаңыз, бірнеше сантиметр шашыңызды қысқартуға тура келеді. Бұл шаштың сау күйін сақтаудың ең жақсы әдісі. Кейбір жағдайда ұштанған шаштарды ылғалдандырғыш пен қоректік заттың көмегімен қалпына келтіруге болады. Алайда, егер шаштың ұштары тым зақымдалған болса, онда оны емдеп алу мүмкін емес.

Айтпақшы, кейбір қыздар кешке шашын жуып, толық кептірмей, жартылай су күйінше ұйықтауға дағдыланған. Алайда дәрігерлер бұл әдет шаштың түсуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертеді.

Айта кетейік, бұған дейін шаштың неліктен ұштанатыны хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақтың тұңғыш дәрігері кім?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә