"Өз қолыңды өзің кесе алмайсың". Нұрсұлтан Назарбаев Болат Назарбаев жасы егде шағында зардап тартқызғанын айтты

"Өз қолыңды өзің кесе алмайсың". Нұрсұлтан Назарбаев Болат Назарбаев жасы егде шағында зардап тартқызғанын айтты
Фото: saliqaly.kz

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" атты кітабында бауырлары, жақында өмірден өткен кенже інісі Болат Назарбаев туралы да жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сонымен қатар, жас кезінде марқұм болып кеткен інісі Сатыбалды, бала кездерінде шетінеген Айсұлтан, Нұрғазипа есімді де бауырлары да айтылады.

"Бір құрсақтан үш ұл, бір қыз едік. Едік дейтінім - артымнан ерген Сатыбалды деген інім көлік апатынан ерте, 34 жасында қайтыс болып кетті. Көп күттіріп, менен кейін жеті жылдан кейін туған бала еді. Өте сымбатты, зор тұлғалы, алапат қарулы жігіт болатын. Сол інімді жұрттың бәрі Қарасай атасындай деп сөйлейтін. Көз тиді ме, қайдам. Одан кейінгі - Әнипа деген қарындасым. Сатыбалды екеуі мен Қарағандыда жүргенде қолымызға келіп, біраз болды, оқыды. Әнипа тұрмысқа шықты, қызы, немерелері бар. Кенжеміз - Болат. Училище бітіріп, механизатор, жүргізуші болып, кейін жоғары білім алды. Болат кенже болған соң еркелеу өсті… Сол еркелігінен тартқан зардабы да аз емес. Ол зардапты өзі тартып қана қоймай, жасымның егде шағында маған да тартқызды. Қайтерсің. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Бірақ, әйтсе де, бауырдың аты бауыр, бәрін көтересің. Қалайда жақсы көресің. Болаттың жүрегі жомарт, жұртқа болсын деп тұрады. Қайырымдылықпен көп айналысты. Оның көмегін көргендер аз емес. Жас кезінде шетінеген, менен кейін туған Айсұлтан, Сатыбалдының алдында туған Нұрғазипа болды. Балалары тұрмаған соң ел салты бойынша жаңа туған баланы терезеден шығарып, бір туыстарға беріп, солардан қайтадан сатып алады екен. Ақысы бір қап ұн, бір бау отын ағашы, қой сияқты болады. Сатыбалдының аты солай қойылған. Бауырларыммен бірге өткізген балалықтың бал күндерін ойласам, әлі де ет жүрегім елжіреп кетеді. Ағаға қарап, іні өсетінін ұдайы есімде ұстаушы едім. Оқысам да, жұмыс істесем де бауырларыма үлгі болуды алдымен ойладым", - деп жазылған кітапта.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова