"Балаға түсіндіруге қиналамыз". Журналистің сұрағы облыс әкімінің күлкісін келтірді

Журналистің сұрағы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің күлкісін келтірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі облыс әкіміне өзекті сұрақты қойды.

"Бүгінде Қонаевта тұрып жатырмыз. Кешке отбасымызбен қалада серуендейміз. Әсіресе, кешке және түнде Қонаевта казинолар қызылды-жасылды болып ерекше көзге түсіп тұрады. Балаларымыз "Анау қандай ғимарат?" деп көп сұрақ қояды. Сол уақытта жауап беруге қиналамыз. "Казино-ойынхана" деп айтсақ, онда баламыз "сонда барып ойнайық" деп айтуы мүмкін. Болашақта казинолар қала сыртына көшіреле ме? Казиноның кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып жатқанын білеміз. Бірақ Дінмұхаммед Қонаевтай ұлы тұлғамен жалпы казиноның қатар аталуы не этикаға, не моральға сай келмейтін сияқты", - деді ол.

Марат Сұлтанғазиев мәселе пысықталып жатқанын айтты.

"Қонаевта казинолар тек түнде жанады. Ол жаққа балаларды апармау керек шығар (күліп - еск.). Біз қаланың дизайн кодын бекіттік. Әрине, оған сәйкес абаттандыру және жарықтандыру жұмысын жүргізу қажет. Сол стандартты енгізу үшін жұмыс істейміз. Сондықтан балалармен жүргенде көзге көрінбейтін басқа стандарттарды енгізуге тура келеді", - деді облыс әкімі.

Ол Қонаевтан казинолар көшірілмейтінін жеткізді.

"Қаладан казиноларды көшіру жоспарда жоқ. Себебі, Қонаев - туристік қала. Бұл да ойын туризмінің бір саласы. Себебі шетелдік туристердің алдында бар мүмкіндігіміз бен басымдығымызды жоғалтпауымыз керек", - деді Марат Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, бүгінде Қонаевта 5 казино жұмыс істейді. Жалпы 6 айда Алматы облысына 74 мың шетелдік турист келген.

Аяз Есен 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!