"Астананы Қызылордадан Алматыға көшірген тұлға". Алматыда Ұзақбай Құлымбетов туралы кітап жарық көрді

"Астананы Қызылордадан Алматыға көшірген тұлға".  Алматыда Ұзақбай Құлымбетов туралы кітап жарық көрді
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Алматыда қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың өмірі мен шығармашылығына арналған "Ұзақбай Құлымбетов – қазақ билігінің ақсақалы" атты кітаптың тұсаукесері өтті. Шараға кітаптың авторлары, қайраткердің туыстары мен Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов 

Іс-шара барысында 4 бөлімнен тұратын кітаптың барысы баяндалып, белгілі тұлғаның қайраткерлік әрекеттері сөз етілді. 

"Бұл кітапта академик Хангелді Әбжановтың мақаласы бар. Құлымбетовтың өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы деген секілді баяндамалары енгізілді. Сонымен бірге Ұзақбай Құлымбетов туралы естеліктер, тарихшылардың мақалалалары топтастырылды. Құлымбетовтың ұрпағы ретінде менің "Біз не көрмедік?" деген шағын отбасылық хикаямыз жарық көрді", - дейді  Ұзақбай Құлымбетовтың ұрпағы Орынша Қазыбаева. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ұзақбай Құлымбетовтың ұрпағы Орынша Қазыбаеваның кітаптың тұсауын кесу сәті. 

Кітапты құрастырушы авторлар Хангелді Әбжанов, Светлана Смағұлова, Зира Төленова Ұзақбай Құлымбетовтың баяндамаларын тауып біріктірген. Жаңадан шыққан кітапта қайраткердің мақалалары ғылыми айналымға енгізіліп жатыр. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі Ханкелді Әбжанов.  

"Бұл кітапты дайындау барысында біз рухани жағынан, дүниетанымдық тұрғыдан, адами және имани қасиеттер жағынан байыдық. Бұл Ұзақбай Құлымбетов деген аңыз адам екен. Көрмеген қиыншылығы жоқ. Соның бәрін жеңіп биліктің ұшар басына шыққан. Ол кісінің еңбегін қазіргі көрініспен бағаласақ - Қазақстанның президенті. 2025 жылдан бастап атқару комитетіне мүше болды. Жамбылды Жамбыл қылған Құлымбетов. Бірегей тұлғаның бастамасымен ауылдағы қара шал одаққа танылды. Дүние боққа қызықпаған адам. Оның шапағатын көрген адамдар үмітін ақтады", - дейді ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі Ханкелді Әбжанов.  

Жиынның Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында өтуі де тегін емес. Өйткені Жүргенов шетелде қызмет істеп жүргенде Қазақстанға алдырған дәл осы Ұзақбай Құлымбетов. Темірбек  кеңес үкіметіне сенбейтін, әкесі кәмпескеленген, екі бауыры атылған адам болатын. "Қайраткер болмағанда Қазақстанға келмес еді" дейді зерттеушілер. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Қазаққа еңбегі сіңген тұлғаның бүгінде денесінің қайда жатқандығы белгісіз. Ұлттық ғылым академиясының академигі Ханкелді Әбжанов Ұзақбай Құлымбетов әлі де зерттелуі тиіс тұлға деп есептейді. 

"Әділетсіздік осындай тұлғаның қайда жатқаны белгісіз. Қабірі қайда, сүйегі қайда? Әлі анықтай алмай жатырмыз. Тотолитаризмнің қылмысын жасырғаны соншалықты қызы Орынша әкесінің қай жерде ұсталғанын білмейді. Кейіннен оның Тбилисиде ұсталғанын білдік. Ұзақбай Құлымбетовтың абақтыда жатқанда өз қолымен жазған 600 беттік жазбасы табылды. Біз оны көзімізбен емес жүрегімізбен оқуымыз керек. Қайраткердің өмірі мен шығармашылығы бұдан кейін де тереңірек зерттелуі тиіс деп есептеймін", - дейді Ханкелді Әбжанов. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Алматы ақшамы газеті.

Астананы Қызылордадан Алматыға ауыстырған қайраткер - Ұзақбай Құлымбетов.  Алматыдағы үкімет үйінің салынуына да тікелей әсер етті. Қазақ үшін саналы ғұмырын сарп еткен ерен тұлғаның еңбегі дәріптеліп, болашақ ұрпаққа насихатталуы тиіс. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов