Асыл тұқымды жылқылар қартайғанда соғымға сойыла ма? Атбегілер ат баптаудың қыр-сыры туралы айтты

Асыл тұқымды жылқылар қартайғанда соғымға сойыла ма? Атбегілер ат баптаудың қыр-сыры туралы айтты
Фото: Фотоколлаж

Елімізде  асыл тұқымды жылқы өсіріп баптайтын және оны көкпарға қосатын атбегілер көп. Әр аймақтағы атбегілермен асыл тұқымды жылқыны баптаудың қыр-сыры туралы Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Асыл тұқымды жылқы әлсіз келеді"

Толсын Бергенов Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданының тумасы. Атасы малшы, нағашылары атбегі болған.

"Алғашқыда нағашым Дәурен шабандоз болуға баулыды. Кейін сол кісіде атқа шауып бастадым. Атым бәйгеден келе бастаған соң аудандық, облыстық деңгейдегі атбегілердің тұлпарларында шаптым. Сосын ат баптау тәсілін толық үйренгім келіп, Боран ағамның қасында атқосшы, кейін Нұрбек, Жасұлан есімді ағалардың қасында жүрдім. Алғашқы қадамымды атбегі ретінде Мақсат Боранбаев ағамның тұлпарларын дайындаудан бастадым. Қазіргі таңға дейін ат баптаймын. Нәтижесі жақсы деп айтар едім", - деді ол.

Ол қазіргі таңда 11 ат баптайды, күтеді.

"Қазіргі уақытта 11 ат ұстаймын. Оның ішіндегі тұлпарларымның бәрі асыл тұқымды. Бәрі де қазақстандық деп айта аламын. Ат баптау білген адамға өте қиын жұмыс.  Ерте тұрып, кеш жатасың. Әр аттың өзіндік мінезі бар, әр атқа бөлек күтім керек. 11 атты он бір түрлі тәсілмен күтемін. Бәйгеде жарақат алса, бәрін мойынмен көтеруге тура келеді. Ал егер бәйгеге қосуға келмесе, яғни, бие болса құлындатып, тұқым аламын. Айғыр болса, үйірге салып тұқым таратқызамыз", - деді ол.

Атбегі асыл тұқымды жылқыны баптаудың өзіндік сыры бар екенін айтты.

"Асыл тұқымды атты баптаудын басты мақсаты - қанға сіңген бәйге спортын дәріптеу, сол арқылы жасөспірім балаларды атқа мінгізу. Мұндай жылқылардың жасы келгенде соямыз. Себебі оны ешкімге сату мүмкін емес. Жалпы, асыл тұқымды жылқылар әлсіз келеді. Қартайса тез өліп қалады. Оларға ерекше күтім керек", - деді ол.

"Ағылшын мен қазақ жылқысынан селекция жасаймыз"

Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Айдархан ауылының тумасы, төрт баланың әкесі Ақылбек Ишанов та атбегілікпен айналысып жүргендердің бірі. Ол бұл кәсіпке дейін дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, мектеп, колледж, университетте сабақ берген.

"Біз жалпы отбасымызбен осы іспен айналысамыз, келіншегім екеуміз  жұмысымызды тастап кәсіппен айналысып кеттік. Алғашында балаларымды ат баптауға үйрету мақсатында жер алып, бастағанбыз. Балам кейін достарымен бірге бәйгеге шабуды үйренді. Оларды осы Атырау, Ақтаудағы, аймақтағы жарыстардың бәріне өз қаражатымызбен апарып жүрдік. 2020 жылы желтоқсанда "Азамат" ұлттық-спорттық лагері деген жоба жасадық. Сол жобамызды Орал қаласы әкімдігі қолдап, "Орал" спорт клубы жанынан ат спорты бөлімінің ашылуына себепкер болдық. Сол кезде 9-13 жастағы 100 баланы ат спортының көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу секілді түрлеріне үйреттік. Өте сәтті жоба болды. Алайда белгілі себептермен біз ол бөлімнің жұмысын тапсырдық. Себебі спорттық аттарды күтімі мен бабы көп қаржыны талап етеді. Біздің ондай мүмкіндігіміз болмады. Қазіргі таңда тек бәйге спортына көңіл бөліп, шабандоздар тәрбиелеумен айналысып жатырмыз", - деді ол.

Атбегі қазіргі таңда ағылшын мен қазақ жылқыларынан селекция жасап, соларды өсіретінін айтты.

"Сырттан ат кіргізбедік, қолтума аттарды дайындап жатырмыз. Яғни, ағылшыннан айғыр алып, қазақи биелермен, селекция жасап жатырмыз. Қазақстанда туылғасын "қолтума" деп айтамыз. Бұл аттар да асыл тұқымдылардың қатарына жатады. Біз атты 1 жасынан бастап бәйгеге қосамыз. Бәйгеде ат аяқтан қалады. Сол кезде біз оларды тұқымдыққа аламыз. Жылқыға, үйірге қосып, өнім аламыз. Әрі қарай соямыз. Негізі асыл тұқымды аттар нәзіктеу болады.  Олар бала сияқты, артық жеп қойса да ауырып қалады. Шаруаның атымен екеуінің айырмашылығы көп. Сол үшін барлығын режиммен береміз", - деді ол.

"Жасы үлкейгесін ұрығын аламыз"

Егіздер Марат-Қанат Қанашевтар да асыл тұқымды ат баптайды. Олардың айтуынша, кез келген асыл тұқымды ат өмірінің соңына дейін көкпарға шабады. 

"Қазіргі таңда 10 атымыз бар, барлығы көкпарда мықты шабады. Жылқыларымыздың барлығы асыл тұқымды аттар. Ешқайсысы қарапайым тұлпар емес. Әрқайсын баптау оңай емес, Себебі әрқилы мінезі бар, әр аттың өз режимі бар. Сондай-ақ, әр атқа өз бапкерлері бар. Бізде жалпы жасы үлкен ат әзірше жоқ. Бірақ кез келген асыл тұқымды ат өмірінің соңына дейін көкпар шабады. Егер жасы келіп, қартайған болса, біз ұрығын аламыз немесе сатып жіберуге тырысамыз, - деді ол.

Олар ат баптауды хоббиге айналдырғанын айтты.

"Ат шаптыруды пайда үшін емес, хоббиі болғандықтан әрі ұлттық спортымызды дамыту мақсатында баптаймыз. Қазіргі таңда шәкірттеріміз бар. Олар аттарға өздері қарап, соларды көкпарға апарады", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін "Жүрегіміз қан жылады ғой". Ұрылар сойып тастаған араб жылқысы туралы иесі айтқаны жарияланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Шыңғысхан құрған мемлекет қандай қағидаларға негізделді?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы