"Ат үстінен мұз астына дейін әдістер жасадық". Қазақстандық каскадерлерді тағы бір голливудтық жоба күтіп тұр

Аты аңызға айналған режиссер Ридли Скоттың "Наполеон" фильміне түскен қазақстандық каскадерлер қанша ай дайындық жүргізді? Түсірілім алаңында қандай әдістер жасады? Алда отандастарымызды қандай голивудтық жоба күтіп тұр? Бұл жайлы Nomad Stunts кəсіби каскадерлер тобының негізін қалаушы, жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазіргі таңда кинотеатрларда "Наполеон" фильмі көрсетіліп жатыр. Тарихи драманың ұзақтығы - екі жарым сағат.

Наполеон Бонапарт - Батыстың тарихындағы ең көрнекті тұлғалардың бірі, қазіргі француз мемлекетінің негізін қалады (1804-1814 жж). Француз императоры Наполеон Бонапарттың басты рөлін Голливуд актері Хоакин Феникс сомдады.

Жайдарбек мырза, "Наполеонге" ұсыныс қалай түсті? Қанша ай дайындық жасадыңыздар?

"Биыл көктемде маған Англиядан хат келді. Ол жақтағы ауқымды жобаның үйлестірушісі бізбен байланысқа шығып, Наполеон туындысының түсіріліміне шақырды. Ол біз туралы бауыры Нико Паулодан естіпті. Мен бірден "жақсы" деп жауап бердім. Кейін жаттығуды бастап кеттік. Англияға құрамнан 10 адам бардық. Дайындыққа 1,5-2 айдай уақыт кетті. Англиядағы түсірілімге тағы 1,5 ай уақыт алды.

Әрине, режиссер Ридли Скоттың фильмі екенін білгенімізде жобаның маңызын сезіндік. Бір сөзбен айтқанда бойымызды керемет әсер мен жауапкершілік кернеді. Екінші жағынан бұл бұрын жұмыс істеп көрген ағылшындық продакшн (автор - шығармашылық топ). Бұл Англиядағы ең үздік шығармашылық құрамның бірі", - дейді ол.


Сурет: instagram.com/nomadstunts

Режиссер Ридли Скотт біздің жігіттерге қандай баға берді?

"Режиссермен кездескенде Мұрат Елкенов және Сымбат деген екі каскадерімізді топтан шақырып алып, "сендердің түрлерің азиялық, келгендеріңе рақмет! Номад екендеріңізді білеміз" дегендей пікір айтты. Кейін Мұратқа тапсырма беріп, жалпы біздің жігіттерді жылы қабылдады", - деді жетекші.


Сурет: instagram.com/nomadstunts

Фильм түсірілімі кезінде қандай әдістер жасап, рөлдерді сомдадыңыздар?

"Англияда 2 ай жаттығу кезінде мұздың астына сүңгідік, атпен және жаяу ұрыс жүргіздік сонымен бірге аттың үстінен құлайтын қауіпті әдістер жасадық. Туындыда ағылшын да, француз да болып түстік. Былайша айтқанда, түсірілімде ағылшын болып, бір костюммен атып, екінші киіммен құладық", - деді Күнғожинов.

Мұндай туындыдан кейін жұрт сіздерден бұдан да ауқымды жоба күтетіні анық. Алда қандай жоспарларыңыз бар?

"Алда тағы бірнеше жобамыз бар. Қазір біз жобамызды аяқтауға жақынбыз. Түсірілімдегі кейбір атпен жасаған әдістерімізді елімізге келіп көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз. Алда америкалық әрі голивудтық тағы бір ауқымды жобамыз бар. Парижде де болып қалуы мүмкін ұсыныстар бар. Ол жайлы айта алмаймын. Келесі жылы тағы екі "Наполеон" секілді үлкен жоба болып қалуы мүмкін. Румыняда "Серый дом" атты әйгілі Кевин Костнер мен Морган Фриманның бастамашылық етіп, сценарийін жазған голливудтық жобамыз бар", - деді ол.

Жасұлан Ордабаев