"Атасы да жас қызға үйленген". Сара Алпысқызы Назарбаевтың екінші әйелі туралы жаңалықты қалай қабылдаған?

"Атасы да жас қызға үйленген". Сара Алпысқызы Назарбаевтың екінші әйелі туралы жаңалықты қалай қабылдаған?
Фото: personal.akorda.kz

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа" атты кітабы жарық көрді. Кітапта екінші әйелі Әсел Исабаевамен қалай танысқаны, бұл жаңалықты оның бірінші әйелі Сара Алпысқызы қалай қабылдағаны туралы жазылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Тегінде, адам баласына ең басты бақытты, ең баянды бақытты бала ғана, перзент қана бере алатын болса керек. Үш перзентімді, үкілеген үш қызымды - Дариғаны, Динараны, Әлияны дүниеге әкелген, жас шағымнан жаныма жалау болған, небір сын сағатта қасымнан табылған Сараға бар ғұмырымда ризамын және қамқоршымын. Сол қилы кезеңде де мені түсінгенін, кешіргенін мына өмірдегі бір жұбанышым көремін. Тауман туғанда Алматыға, алдына барып, бар жайды ақтарып, айыбымды айтқанымда тектілігін тағы да танытып еді айтулы әулеттің перзенті", - деп жазған ол. 

Оның сөзінше, Сара Алпысқызының атасы да екінші әйел алған. 

"Бала - періште. Бала бақытты болып өссін" деді сонда Сара. Қыздарым да мені дұрыс ұқты. Сара Алпысқызының қай әйел үшін де қиын сынақта танытқан кеңдігінің бір себебін іштей сезетін де сияқтымын. Атасы Арқадағы атақты Қонақай бай екенін жаздым ғой. Сол кісіде ұл болмапты. Ақыры алпыстан асқан жасында бәйбішесі өзі айттырып, жас қызға үйлендірген екен. Ойлағанындай ұл туып, атын Алпыс қойыпты. Кім біледі, бабадан тамыр тартқан сол дәстүр есіне түсіп, болған іске кеңшілік көрсетті ме екен? Әйтеуір, онсыз да қиналған жанымды қажай берген жоқ, сағымды сындырмады. Мен өзім баланы ұл деп, қыз деп бөлетіндерден емеспін. Үш қызымды да жанымдай жақсы көремін. Олардан туған немерелерді де жиен деп жатпаймын. Ұл бала - шаңырақты ұстайтын ие, әулет жалғастырар кие... Міне, солай, ағайын. Жан сырымды жайып салдым алдыңызға. Қалай десеңіз де, өзіңіз білесіз. Бұл - өмір. Бір анық нәрсе бар. Жүрекке әмір жүрмейді", - деп жазылған кітапта.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек