Қазақстанға қандай мамандар жиі келіп жатыр?

Биыл қаңтар мен қыркүйек аралығында Қазақстанға 19,1 мың адам келді. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 74 пайызға көп, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Сонымен қатар, 12,7 мың адам елден кетті, бұл былтырмен салыстырғанда 37,4 пайызға аз.

Өңірлер арасында Алматыға адам көп келген: 4,5 мың адам, жылдық өсім 2,2 есе. Сондай-ақ, Маңғыстау облысы (2,9 мың адам, өсім 21,7 пайыз) мен Астана (1,6 мың адам, жылдық өсім 2,1 есе) адам көп келген өңірлерге айналды. Ал жыл басынан бері небәрі 19 адам Қызылорда облысына келген.

Қостанай облысынан адам көп кеткен, яғни 1,8 мың адам. Былтырмен салыстырғанда 25,8 пайызға аз. Одан кейін Қарағанды (1,5 мың адам) және Павлодар (1,2 мың адам) облыстары тұр. Қызылорда облысынан небәрі 55 адам кетіпті.

15 жастан асқан еңбекке қабілетті халық арасында техникалық мамандықтағы 2,8 мың адам, экономикалық мамандықтағы 1,5 мың адам, педагогикалық мамандықтағы 750 адам, медициналық мамандықтағы 446 адам, заңгер мамандығы бойынша 421 адам, сәулет-құрылыс мамандығы бойынша 296 адам, ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша 133 адам келді.

Сонымен қатар, елден техникалық мамандығы бар 1,8 мың адам, экономикалық мамандықтағы 871 адам, педагогикалық мамандықтағы 638 адам, медициналық мамандықтағы 339 адам, заң мамандығы бойынша 199 адам, сәулет-құрылыс мамандығы бойынша 123 адам, ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша 125 адам кетті.

Елге келгендердің жартысына жуығы (48,9 пайызы) - Ресейден көшіп келгендер: яғни 9,4 мың адам, былтырға қарағанда 3,2 есе көп. Екінші, үшінші орындарда Өзбекстан мен Түрікменстаннан келгендер тұр. Қырғызстан мен Қытай да топ-5 елге кірді.

Қазақстаннан да адамдар көбіне Ресейге кетті: 9,4 мың адам, былтырға қарағанда 43,4 пайызға аз. Танымал бағыттардың қатарында Германия, АҚШ, Польша және Беларусь бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!