"Жынысын ауыстырғандарды эфирден көрсетпеу керек" – Ринат Зайытов

"Жынысын ауыстырғандарды эфирден көрсетпеу керек" – Ринат Зайытов

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жынысын өзгерткен адамдар жайлы бағдарламаны теледидардан көрсетпеуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол өзі "Масс-медиа туралы" заң жобасының жұмыс тобында болғанын айтты.

"Біз басында қазақ тіліндегі теле-радиобағдарламалардың көлемі басқа тілдегілердің жалпы көлемін 70 пайыз (мемлекеттік тілде) 30 пайыз (орыс тілінде) пайыз деп тоқтадық. Бұл қабылданған позиция болатын. Ал 60/40 пайыз дегеніміз ұят болады. Өйткені Қазақстанда қазақша сөйлей алатын қауым ресми статистика бойынша 82 пайыздан асты. Халық барда, мемлекет барда БАҚ өлмейді", - деді Ринат Зайытов.

Оның сөзінше, бүгінде қоғам наразылығын тудырған бағдарламалар көп.

"Қосылайық" пен "Қалаулымды" айтпағанның өзінде басқа бағдарламалар бар. Оның зардабын да халық тартып жатыр. Анау-мынау бағдарламалардан танылып алған жастар онлайн ойын платформаларын жарнамалайды. Бұған дәлел бар. Сондай-ақ неше түрлі ток-шоу барын ұмытпауымыз керек", - деді депутат.

Ринат Зайытов жынысын өзгерткен адамдар жайлы бағдарламаны теледидардан көрсетпеуді ұсынып, Мәдениет және ақпарат министріне сұрақ қойды.

"Өзінің қызымен жыныстық қатынаста болған әке туралы бағдарламаны неге телеарнадан көруіміз керек? Жынысын ауыстырған адамдарды неге көруіміз керек телеарналардан? Мұндайға мониторинг жасап, тоқтатайық деп ұсыныс бердік. Осыған байланысты сұрағым бар. Заң аясында осындайды тоқтатын тетік бар ма? Бұл мәселені екінші оқылымда қарай аламыз ба?", - деді ол.

Аида Балаева депутаттың көтерген мәселесі орынды екенін және оны қарауға дайын екенін жеткізді.

"Ана және мемлекеттік қызметкер ретінде сіздің жанайқайыңызды түсініп отырмын. Десе де, біз мемлекеттік орган ретінде ондай бағдарламаларға қаржы бөлмейміз. Мен оған кепілдік беремін. Біріншіден, осындай бағдарламаларды БАҚ өз қаржысына түсіріп отыр. Бұл мәселе қоғам болашағына септігін тигізетіндіктен оны екінші оқылымда қарауға дайынмын. Екіншіден, сол БАҚ жетекшілерін шақырып, осы мәселені талқылауға дайынмын. Себебі оның тұжырымдамасы бар. Бұл мәселені бір-екі жыл емес, қаншама жыл айтып жүрміз. Өкінішке қарай, сондай бағдарламаларды тапжылмай көріп отыратын адамдар бар. Сондықтан бұл мәселені дұрыстап қарайық. Мен мұнымен келісемін", - деді министр.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан