EXPO-2030: Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагеріне құттықтау жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының тақ мұрагеріне құттықтау жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақорданың хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагері, премьер-министрі, ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудты және барша сауд халқын EXPO-2030 халықаралық көрмесін Рияд қаласында өткізуге қатысты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады. 

"Еліңіздің айтулы шараны өткізуші ретінде таңдалуы Корольдіктің жаһандық деңгейдегі мәртебесін, сондай-ақ саудтықтардың қажырлы ұмтылысы мен мемлекет басшылығының жігерлі табандылығын тағы да дәлелдейді. Шығанақ өңіріндегі Қазақстанның басты серіктестерінің бірі Сауд Арабиясымен тығыз ынтымақтастығымыздың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын зор ризашылықпен атап өтемін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында әлеуеті жоғары қарым-қатынастарымызды халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі дамыта түсетінімізге кәміл сенімдімін", - деп жазылған жеделхатта.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагері, премьер-министрі, Ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың аса жауапты қызметіне толағай табыс, ал бауырлас сауд халқына құт-береке тіледі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!