"Қазір ұйықтайтын уақыт емес". Депутат Назаров арнайы жасақ құруды ұсынды

"Қазір ұйықтайтын уақыт емес". Депутат Назаров арнайы жасақ құруды ұсынды
Фото: Видеодан алынған кадр

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров әлемдегі қуатты мемлекеттермен әскери байланысты күшейтіп, арнайы жасақ құруды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдады.

"Қазір жан-жағымыз отқа оранған, ертеңіміздің не боларын білмейтін, алмағайып заманда өмір сүріп жатырмыз. Саяси ойын төбеңнен бір соққанда досыңның қасқа, көршіңнің жауға айналғанын көзіміз көріп отыр. Бүгінде бейғам ұйқыда жататын уақыт емес, жарақтанатын уақыт, бес қаруыңды сайлап қамданатын уақыт", - деді депутат.

Ардақ Назаров Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" кітабындағы "Әскербасы" тарауына тоқталды. Сондай-ақ, ол елімізде арнайы жасау құруды ұсынды.

"Осыдан мың жыл бұрын ел билеген бабаларымыз әскеріне ерекше мән беріп, әлемге үстемдік құрған. Мұнда "мәрт жігіттер" деп отырғаны бүгінгі тілмен айтсақ, "арнайы жасақ" деуге болады. Қазір бізге заманауи технологияны, ғылым-білімді, соғыс өнерін, ерекше меңгерген арнайы жасақ құру қажет. Тарихта аз әскермен көпті жеңген кезіміз көп болған. Мысалы, Орбұлақ шайқасында Салқам Жәңгір 600 ғана сарбазымен 50 мыңдай жау әскерінің талқанын шығарып, бетін қайтарғанын білеміз", - деді ол.

Депутат еліміздің әскері қуатты болу үшін не істеу керегін айтты.

"Мәселе әскердің санында емес, сапасында әрі рухында. Біз қуатты мемлекет болу үшін қуатты әскеріміз болуы қажет. Қуатты әскер болуы үшін намысты ерлерді тәрбиелеуіміз қажет. Намысты ерлер тәрбиесін балабақша мен мектептен бастаймыз. Оларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, ана тілін құрметтеуге, дәстүрмізді сақтауға, тарихымыз бен әдебиетімізді терең оқуға, батырлар жырын жаттауға тәрбиелеуіміз керек. Отанды қорғау - баршамызға парыз. Әкім-қараның баласы деп бөліп жармай, барлық ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуге, әскерге баруға міндетті. Әскеріміз физикалық тұрғыда күшті болуы үшін ММА, аралас жекпе-жек, джиу-джитсу спорт түрлерін кіргізуіміз қажет. Әскери әмірлер, бұйрық-пәрмендер тек мемлекеттік тілде ғана берілу қажет. Әскери құпия құжаттар мен бұйрықтарға қолжетімділікті шектеп, қатаң түрде қадағалауға алу қажет. Әр жылда шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу үшін сарбаздардың біліктілігін арттыру үшін әскері қуатты мемлекеттерге оқуға жіберу керек. Әскери қызметкердің отбасылық жағдайы ескеріліп, баспанамен қамтамасыз ету, атқарған стажына сәйкес қосымша көптеген әлеуметтік жеңілдік қаралуы қажет", - деді Ардақ Назаров.

Ол әлемдегі болып жатқан әскери қақтығыстарды ескеріп, еліміздегі мына салаларға баса мен беруді ұсынды:

1. Пилотсыз ұшу аппараттарын басқарушылар санын көбейту аясында оқу орындарында дрондармен ұшу, құрастыру, жетілдіруге қатысты жанжақты қамтылған бағдарламаларды мектептерге енгізу;

2. Әскери медицина аясында сарбаздардың өз-өзіне жедел көмек көрсету бағытын мектептерде, жоғарғы оқу орындарында кеңінен үйрету. Оған қажет материалдық, оқу-құралдармен, медикаменттермен қамтамасыз ету;

3. Қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз ету бағдарламаларын әлемдік стандарттарға көшіру. Бізде әлі күнге дейін Совет үкіметінен қалған қару-жарақтарды оқ-дәрімен қамтамасыз ету, инженерлік техникаларға, ұшақтарға техникалық қызмет көрсету белгілі бір елден ғана екенін ұмытпауымыз керек. Әлемдік озық технологияны елімізге алып келіп, қажетті қару-жарақ шығару өндірістерін елімізде ашуды қамтамасыз ету. 

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz