Жұлдыздармен бірге ән сал, өзіңді жұлдыз сезін: Астанада ұлттық караоке-шоу өтеді

Жұлдыздармен бірге ән сал, өзіңді жұлдыз сезін: Астанада ұлттық караоке-шоу өтеді

Қазақстан Тәуелсіздігі күні елордада ерекше тойланбақ! Астана тұрғындары мен қонақтары көптің көзайымына айналған "Мәңгілік ел дауысы" ұлттық караоке-шоуын биыл да тамашалай алады. Шара мереке күні, яғни 16 желтоқсанда Бейбітшілік және келісім сарайында  өтеді. Жоба ұйымдастырушылары - "Pantograph" ЖШС мен Астана қаласының әкімдігі, шараға Alash Media Group медиахолдингі мен  RTS DECAUX компаниясы ақпараттық қолдау көрсетеді.

"Мәңгілік ел дауысы" – форматы ерекше концерт, онда жиналған көрермендер сахнадағы әртістермен қосылып ән шырқайды. Шара барысында үздік отандық орындаушылардың хит әндері би қойылымдарымен керемет үйлесім тауып, караоке түрінде ұсынылады. Тек сүйікті әндер, ең атақты әртістер, жүз пайыз жанды дауыс пен естен кетпес эмоциялар!

2 сағаттық музыкалық шоу "Бірге ән сал!" ұранымен елорда тұрғындары мен қонақтарының басын қоспақ. Бұл кеште Kalifarniya, Ayree, Мархаба Сәби, Қазыбек Құрайыш, Ерболат Құдайберген мен Alpha тобы көрермендермен бірге ән салады.

Концерт билеттерін ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады. Айта кетерлігі – ұйымдастырушылар билет сатылымынан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсайды.

Толықтай  live форматта өтетін концертті талантты музыкант, композитор Әділжан Толықпаев жетекшілік ететін Saz&Soul тобы сүйемелдейді. Ал Анатолий Фролов басқаратын АRTballet  ұжымының авторлық би қойылымдары мен DJ Byke ұсынатын ырғақты сет кеш көркін қыздыра түспек.

Кеш қонақтары үшін шоу басталғанға дейін түрлі белсенді шаралар  дайындалып жатыр. Сағат 17:30-дан бастап концерт залының фойесіндегі фотоаумақта суретке түсіп, дайын фото-видеоларды бірден алуға болады. Ең бастысы – арнайы сіздер үшін холлда караоке-жүйесі қойылады. "Жұлдыз FM" радиосының танымал жүргізушісі Жандаурен Мәди сүйікті әндеріңізді таңдап, шырқауға көмектеседі! Хит әндерді ең шебер орындаған қонақтарға естелік сыйлықтар табысталады. 

Бұл кеште көрермендер үшін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсетеді. Олардың арасында Qar, Roza және Puerto Rico секілді хит әндерімен музыкалық чарттардың бірінші орнынан түспейтін әнші – Kalifarniya мен ерекше дауыс иесі – Ayree бар. Сонымен қатар, "Мәңгілік ел дауысы" концертінің көрермендері талантты әнші Мархаба Сәбидің жүрек тебірентер әндерін тыңдайды, ал Қазыбек Құрайыш мәңгілік махаббат тақырыбын жырлайтын сыршыл туындыларын орындайды. Ерболат Құдайберген өзінің мега-танымал хиттерін айтып, Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған шоуға патриоттық вайб сыйламақ.  Жастар арасында аса танымал Alpha q-pop тобы да көрермендердің көңілін көтеріп, қайталанбас сезімдерге бөлейді.

Еске салсақ, ұлттық караоке форматындағы алғашқы концерт 2019 жылы ұйымдастырылып, залда аншлаг болған еді. Шоу жанкүйерлері екінші рет сүйікті әншілерімен бірге ән салуға 2022 жылы, пандемиядан кейін жиналып, еліміздің басты мерекесі – Республика күнін атап өтті.

Баршаңызды 16 желтоқсан күні Бейбітшілік және келісім сарайында  өтетін "Мәңгілік ел дауысы" шоуында күтеміз. Бірге ән сал!

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек