Дәрігерлер мен мұғалімдерге қашықтан оқуға тыйым салынбақ

Дәрігерлер мен мұғалімдерге қашықтан оқуға тыйым салынбақ
Фото: gov.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заң жобасы депутаттардың бастамашылығымен әзірленді. Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, құжатта балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға қатысты нормалар бар.

"Соңғы кезде мектеп ғимараттарының төбелерінің құлауы сияқты фактілер жиеленіп кетті. Сондықтан осындай біраз жыл бойы жұмыс істеп тұрған ғимараттарды әр 5 жыл сайын тексеріп тұру өте маңызды деп санаймыз. Заң жобасында 30 жылдан көп пайдаланып келе жатқан мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттарын әр 5 жыл сайын апат қаупі бойынша тексеру туралы норма ұсынылды. Тағы бір проблема кішкентай балалардың терезелерден құлауына қатысты. Өкінішке қарай соңғы 2 жылда жүздеген бала терезеден құлаған. Осыған байланысты заң жобасымен терезелерді арнайы қауіпсіздік механизммен немесе құлыппен қамтамасыз ету міндеттеледі", - деді ол.

Сонымен қатар заң қаладағы ауданда мектеп пен аурухана салынбай көпқабатты үйлерді салуға тиым салуды көздейді.

"Бізде әлеуметтік нысандармен, мектептер мен балабақшалармен қамтамасыз етіп алмай тұрып, көпқабатты үйлерді салу проблемасы бар. Әсіресе, бұл мегаполистерге қатысты. Кесірінен жұмыс істеп тұрған мектеп үш ауысымға көшеді, балалардың денсаулығына қауіп төнеді, ал мектеп салайын десе жақын жерде бос жер де қалмайды. Осыған байланысты заң жобасына жаңа талап енгізілді. Енді мектеп, балабақша мен аурухананы салып алмай көпқабатты тұрғын үйлерді салуға тиым салынады", - деді Асхат Аймағабетов.

Сондай-ақ депутат дәрігерлер мен мұғалімдерге қашықтан оқуға тыйым салынатынын жеткізді.

"Технологияның дамуы қашықтан оқыту мүмкіндіктерін кеңейтіп, біршама мамандық бойынша онлайн оқу үрдісі кең тарады. Бірақ зерттеулер педагогикалық, медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша онлайн білім алудың қаупі бар екенін көрсетеді. Сондықтан жобада колледждер мен университеттерде педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша қашықтан білім алуға тыйым салыну туралы норма енгізілді", - деді Асхат Аймағамбетов.

Заңда мемлекет меншігіндегі мектеп пен колледжі жекешелендіруге тыйым салатын норма бар.

Сонымен қатар депутат еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатқанын, сондықтан жаңа практикалық дағдыны меңгеру маңызды екенін айтты.

"Біздің колледждер мен университте, оқуды аяқтаған студенттерге диплом мен әр пән бойынша бағалары көрсетілген қосымша ақпаратты береді. Бірақ ол бүгінгі таңда жеткіліксіз ақпарат. Осыған орай қазір берілетін диплом мен транскриптке қоса, арнай оқу барысында игерген нақты құзыреттіліктері мен дағдылары туралы ақпарат беретін құжат беру құзыреттілігі де жобада қарастырылып отыр", - деді ол.

Асхат Аймағамбетов заң жобасында жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік беретінін норма барын атап өтті.

"Бұл ашықтық пен бірізділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасында балабақшаға баланы кезекке қоюды, одан орын беруді, және білім беру қызметкерлерін жұмысқа алуды тек ғана бірыңғай ақпараттық бағдарлама шеңберінде ұйымдастыру бойынша норма енгізілді", - деді депутат.

Депутаттар аталған заң жобасын қабылдады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы