"Сен жамансың". Меруерт Түсіпбаева ата-анасына деген балалық өкпесі туралы айтты

"Сен жамансың". Меруерт Түсіпбаева ата-анасына деген балалық өкпесі туралы айтты
Фото: instagram.com/meruert_tusupbaeva

Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева "Ұйқым келмейді" бағдарламасында өзінің балалық шағы мен ата-анасының тәрбиесін әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әншінің айтуынша, ата-анасы үлкен адамдар болғандықтан, ол қатал тәрбие алып өскен.

"Шынымды айтсам, ата-анам мені басып өсірді. "Сен жамансың, әдемі емессің, жалқаусың" деген сияқты сөздерді айтатын еді. Ата-анам менің өнер адам болғанымды қаламады. Жас кездегі бейнебаяндарға қарап, өзімнің қандай сұлу болғанымды түсінемін. Бірақ ата-анам маған мұндай мақтау сөздер айтпаған. Ол кеңес одағы кезінің тәрбиесі. "Қызға қырық үйден тыйым" дейді, ол кісілер осы шектеумен өмір сүрген. 

Түсінгенім баланы тәрбиелегенде оған бар жақсылықты айтып өсіру керек, оған көп шектеу қоюға болмайды. Мүмкін сондықтан шығар мені біреу мақтаса, мен оны қабылдай алмаймын. Мақтауды жақсы көрмеймін. Өзімді теледидардан көрсем бойымдағы түрлі кемшіліктерді көріп, "сұмдық, толық болып тұрмын" деймін.

Ал қазір мен өзім ана болғандықтан, балама басқаша тәрбие беріп жатырмын. Оған үнемі "сен мықтысың, бәрін білесің, сенің қолыңнан бәрі келеді" деп айтып жүремін. Бұдан басқа ұлыма "қазір сен жассың, өмірден ләззат ал, ертең үйленіп, мойныңа жүк арқалайсың, сондықтан да осы шақта саяттап, қыдырып қал, мен сені жақсы көремін" деген сияқты сөздерді көп айтамын. Ол шет елде болғандықтан, осындай хабарламалар жіберемін", - дейді Меруерт Түсіпбаева. 

Айта кетейік, бұған дейін әнші Меруерт Түсіпбаева Америкаға саяхаты туралы айтқан еді. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Спирулина деген не? Спирулинаның қандай пайдасы бар?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә