Ақтөбеде сотталушысы жоқ сот болды: күдікті тергеу кезінде асылып қалған

Ақтөбеде 35 жастағы әйел мен оның ұлының өліміне қатысты сот басталды. Алайда бұл процесте сотталушы жоқ. Себебі 23 жастағы күдікті тергеу кезінде асылып өлген, бірақ оның туыстары марқұмның мұндай ауыр қылмыс жасағанына сенбейді. Сондықтан өзі бұл өмірде жоқ болса да, соттың өтуін талап етіп, ақталуын сұрап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайтыс болған сотталушыға тағылған айып — ауыр. Прокурорлар оны 35 жастағы әйел мен оның ұлын пышақтап өлтірді деп отыр. Ол осыдан сегіз ай бұрын екінші қабаттағы пәтерге балкон арқылы кіріп ұйықтап жатқандарға пышақ сұққан. Қансырап жатқан 13 жастағы қыз бала құтқарушыларға хабарласып көмек сұрайды, отбасында тек сол жасөспірім аман қалды.

"Айыпталушы төрт банкі сыра ішіп, ақша табу үшін қарақшылыққа бармақшы болған. 29 наурыз күні түнде Жеңіс даңғылындағы үйдің балконы ашық пәтерді көреді. Газ құбыры арқылы өрмелеп, үш адам, яғни 35 жастағы анасы мен оның 16 жастағы ұлы, 13 жастағы қызы ұйықтап жатқан пәтерге кіреді. Әуелі оянып кеткен әйелді пышақтап, артынша ұлына да пышақ сұғады. 13 жастағы қыздан "Үйде тағы басқа адам бар ма?" деп сұрап, одан соң бес рет пышақ салып, оқиға орнынан қашып кеткен", - Ақтөбе облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Нұрбек Ілиясов.

Алғашқы сот отырысында марқұм сотталушының адвокаттары істі қайта тергеуге жолдауды сұрады, бірақ жәбірленуші тарап оған қарсы. Өйткені өзіне қол жұмсаған 23 жастағы жігіттің кінәлі екеніне сенімді. Қылмыс болған пәтерден оның қан іздері табылған.

"Қайта тергеуге жіберудің қажеті жоқ. Біз оған келіспейміз. Себебі София оны дауысынан, сыртқы кескінінен таныды. Қаны пәтерден, аяқ киімдерден табылды. Ол қылмысқа бармаса, оның қаны пәтерден қалай табылады?", - дейді Ақтөбе тұрғыны Евгения Кайрис.

Сот жалғасады. Сегіз ай бұрынғы қылмыс кезінде аман қалған қыз бала қазір әжесінің қолында. Ол да сотқа қатысты. Қасында нағашы әпкесі мен психолог, мұғалімі, қорғаушысы бар. Ал қайтыс болған ұлының ақталуын сұраған сотталушының анасы сотқа денсаулығына байланысты онлайн қатысып жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз