"Басқа балалармен бір партада отыруын күнә санайды". Астаналық тұрғын 8 жастағы қызы әлі мектепке бармағанын айтты

"Басқа балалармен бір партада отыруын күнә санайды". Астаналық тұрғын 8 жастағы қызы әлі мектепке бармағанын айтты
Фото: Koremiz бағдарламасынан скрин

8 жастағы қыз әлі күнге дейін мектепке бармаған. Астана қаласының тұрғыны Олжас Жұмабеков қызының тағдырына алаңдап отыр. Оның айтуынша, бұрынғы әйелінің тәрбиесіндегі қызы әлі әліппенің бетін ашып көрмеген. Себебі, Олжастың сөзінше, бұрынғы әйелі қызының мектп баруын күнә санайды екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі KOREMIZ бағдарламасына сілтеме жасап.

Олжас Жұмабеков бұрынғы әйелімен үш жыл бұрын ажырасқан. Оның сөзінше, әйелі 8 жастағы қызы Айшаны мектепке жібермеген.  

"Мектепке бармаған. Жібермей отыр мектепке. Мен білім басқармасына да, басқасына да бардым, ешкім қимылдап амал жасап жатқан жоқ. Полицияға да қанша айттым, тіпті сабаққа бармаған, мектеп көрмеген, қоғаммен араласпаған, үйде оған тек дін жайлы үйретеді. Орамал тағып, үйден шығармайды", - дейді астаналық Олжас. 

Олжас Жұмабеков. Фото: Koremiz бағдарламасынан скрин

Олжастың әйелі қызының басқа балалармен бір партада отыруын күнә санайды екен. Сондықтан кішкентай қыз да мектеп десе ат тонын ала қашады екен. 

Айша. Фото: Koremiz бағдарламасынан скрин

"Қызымнан телефон арқылы сұрап қалған кезде ол "мен кәфірлердің балаларымен мені оқытпайды" деп қалды. Иә, мен мектепке бару керек, қоғаммен араласу керек деп айтамын. "Жоқ, мамам біледі, өзі үйретеді, мектеп жайлы ештеңе айтпаңыз" дейді. Егер 6 жасынан барса үшінші сынып оқуы керек еді. 7 жасынан барса қазір екінші сынып оқитын еді. Қазір ол кәдімгідей қалып кетті. Қазір оны радикал ағыммен тәрбиелеп жатыр. Қызымның өміріне қауіп төніп тұр", - дейді Олжас. 

Олжас бұрынғы әйелімен 2014 жылы күзде үйленген. Араларында бір ұл, бір қыз бар. 

"Екі жыл бірге тұрдық. Ажырасуға себеп ол маған "сен кәпірсің, сенің шешең кәпір" деді. Салафизмнің тәкфиризм деген ағымына кіріп кеткен. Ол туралы істі болған кезде білдім ғой", - дейді Олжас. 

Бұрынғы келіні туралы Олжастың анасы да пікір білдірген. 

"2014 жылы келді. 2015 жылы туды. Ол кезде орамал тартып, әжептәуір жүрді. 2015 жылы бала туды ғой. Анасының алдынан өттік. Қалыңмал сұраған жоқ, бірақ жоралғының бәрін бердік. Қыз жеті айлық болған кезде таңғы сағат 7-де полицейлер алып кетті. Үйдің қасынан ҰҚК алып кетті. Оны біз білген жоқпыз. Үйдің бәрін тексеріп ештеңе таппады. Бес жылға сотталып кетті, біз үш жылда шығарып алдық. 

(...) Пандемия болған кезде ауылға барып келемін деді. Билет алып бердік. Сол кеткеннен мол кетті ғо. Білмеймін, келмеймін деді", - дейді Олжастың анасы Жұмагүл апа. 

Жұмагүл апа. Фото: Koremiz бағдарламасынан скрин

Олжастың әйелі 256-бап (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) бойынша жауапқа тартылған екен. 

Бүгінде Олжастың балалары анасы және өгей әкелерімен тұрады екен. 

"Қазіргі әкелері агрессияшыл адам. Адаммен сөйлесе алмайды. Айына үш миллион табамын деп айтты", - дейді Олжас.  

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина