Елімізде агро және экотуризм қалай дамуда?

Елімізде агро және экотуризм қалай дамуда?

Туризм – экономиканың маңызды секторы. Қазір бұл сала еліміздің шалғай аудандарының тұрғындарына туристерді күтіп алу арқылы табыс табуға мүмкіндік береді. Олар жаңа жұмыс орындарын құру және өңірлерде ақша ағынын арттыру арқылы еліміздің туризмін дамытуға септігін тигізуде.

Туристерді ауылдық жерлерге тарту, шаруашылықпен таныстыру, мастер-класстар өткізу, отандық өнімдерді насихаттау – агротуризмнің негізгі принциптері.

2020 жылдан бастап Kazakh Tourism агротуризмді өркендету мақсатында аудандарда зерттеу жүргізіп, турист қабылдауға ниетті нысандар мен белсенді топтарды іздестірді. Зерттеу барысында 2021 жылы 144 нысан, ал 2022 жылы 241 нысан анықталды.

Осындай сапарлар барысында тұрғындарды агротурзим дағдыларына үйретеді. Оқу процесі арқылы жергілікті халық туристерге көрсетілетін қызмет түрлері, клиенттерді тарту жолдары және т.б. пайдалы ақпарат алуға мүмкіндік алады. Бүгінде аталмыш курстарға еліміздің 9 өңірінен 450 аса адам қатысқан.

Алматы облысында агротуризмнің гүлденуіне үлес қосып жатқан жан – Наталья Емельянова. Ол Daisy Flower гүл орталығының иесі. Ол өз ісін қияр өсіруден бастап, 2017 жылы Талғарда гүл фермасын ашумен жалғастырды. Бүгінде ферма келушілер үшін шеберлік сабақтарына қатыса алатын, керемет фотосессия ұйымдастыратын сүйікті орынға айналды.

Руслан Соколовтың Қатаркөл ауылында ірімшік өндіретін цехы бар. Ол отандық ірімшік өнімдерін жарнамалап, сатумен айналысады, әрі келген туристерге ірімшік өндіру процесін көрсетіп, дегустация ұйымдастырады. Омарташы Дмитрий Буткеев болса, Коробихада қонақжай үй ашып, келушілерді қабылдап қана қоймай, экскурсиялық және сауықтыру қызметтерін көрсетеді.

2021 жылдан бастап Kazakh Tourism экотуризмді өркендету мақсатында екікүндік тренинг өткізуді қолға алды. Ол жерде тұрғылықты кәсіпкерлер қонақ үйді ашу бойынша нұсқаулықтар алып, қызмет көрсету стандарттарымен танысады. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәліметке ие болады.

Бүгінгі таңда шағын қонақжай үйлерді ашу бойынша тренингтермен еліміздің он өңірінде 500-ге жуық тұрғын қамтылды.

Kazakh Tourism агро және экотуризмді дамыту мақсатында туроператорлар, БАҚ өкілдері мен блогерлер үшін ақпараттық турлар өткізді.

Осы жылы ақпараттық тур қонақтарын Маңғыстау облысы Шайыр кентінің тұрғыны Дина Жұбан күтіп алды. Ол 2022 жылы Kazakh Tourism өткізген тренингін сәтті аяқтап, қазіргі уақытта қонақ күту кәсібін жандандыруда.

Қазір туризмнің дамуын қолдайтын жобалар жетерлік. Мысалы, "Орталық Азияның Еуразия Қоры" Kazakh Tourism-мен бірлесіп, ауылдағы кәсіпкерлерге "Байтақ жер" жобасы арқылы агро, эко, этно туризм саласындағы бастамаларды дамыту мақсатында 3-5 млн теңге көлемінде екі жылға 0%-бен несие алуға мүмкіндік береді. Жоба туралы толығырақ https://baitaqzher.kz сайтында.

О. Сансызбай