"Қару мен граната". Павлодар облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды

"Қару мен граната". Павлодар облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Фото: Polisia.kz

Павлодар облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері прокуратураның үйлестіруімен бопсалаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Қылмыстық топ құрамына жасы 25 пен 35 аралығындағы адамдар кірген. Қазір күдіктілердің бопсалаудың бес дерегіне қатысы бары анықталды. Сонымен қатар, топ мүшелерінің Павлодар облысының аумағында қаруды қолданып, бұзақылық жасауға және пәтер ұрлығына қатысы бар-жоғы да тексеріліп жатыр.

Тінту шараларының нәтижесінде қатысушылардан бес атыс және травматикалық қару, қолдан жасалған кастеттер, биталар мен пышақтар, сондай-ақ, РГД-5 гранатасы тәркіленді. Тәркіленген қару бойынша сараптама тағайындалды.

"Қылмыстық топтың жеті мүшесі ұсталды, оның ішінде ең белсенді үш қатысушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр. Тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр", – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек