"Екеуі де жұмысқа жарамсыз". Көпбалалы отбасына төрт бөлмелі баспана берілді

"Екеуі де жұмысқа жарамсыз". Көпбалалы отбасына төрт бөлмелі баспана берілді
Фото: "Қыздар-ай" бағдарламасы

Алматы облысы Байсерке ауылының тұрғыны Қайыргүл Дәулетованың өзінің де, жолдасының да жұмыс істеуге денсаулығы жарамсыз. Көпбалалы отбасы қазіргі таңда туысының үйін паналап жүр екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қыздар-ай" бағдарламасына сілтеме жасап.

"Мама, өзіміздің үйіміз болсыншы, өзіміздің бөлмеміз болса екен" дейді. Балаларымның арманы, өзімнің де арманым сол. Тіпті соңғы кезде пәтерге ақша жетпейді. Қазір қымбаттап кеткен. Бала-шағам өсіп қалған, бір бөлмеге сыймаймыз", - дейді Қайыргүл Дәулетова. 

Ол екі рет аяғына ота жасаған. Сондықтан жүріп-тұруы қиындаған. Ол аздай 8 жыл бұрын жолдасын көлік қағып, жұмыс істеуге жарамсыз болып қалған. 

Қайыргүлдің аяғындағы ақау туғаннан екен. Ол жайлы анасы алғаш Қайыргүлдің 6 жасында білген. Алайда ол кезде хирургтер операцияға сенім жоқ деген екен. Осылайша ол 19 жасында жүре алмай қалғандықтан операция жасалған.

"Кішкентай кезінде жылаған жоқ, байқаған жоқпыз. Қызым жақсы. Балалығы жақсы өтті. Жұмысқа кіргісі келеді, ешкім алмайды", - дейді Қайыргүл Дәулетованың анасы.   

Бағдарлама барысында "Қарекет" қайырымдылық қоры Қайыргүлдің отбасына 4 бөлмелі баспананың кілтін табыстады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина