"Тілін алмағанын айтқан". Петропавлда 7 жасар қызды анасы мен өгей әкесі аяусыз соққыға жыққан

"Тілін алмағанын айтқан". Петропавлда 7 жасар қызды анасы мен өгей әкесі аяусыз соққыға жыққан
Фото: pixabay

Петропавлда 7 жасар қызды анасы мен өгей әкесі аяусыз соққыға жыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі өңірдің Полиция департаментіне сілтеме жасап.

23 қарашада сағат 17.00 шамасында Петропавл қаласы полиция басқармасына облыс орталығындағы орта мектептердің бірінің медицина қызметкері 2-сыныпта оқитын оқушы соққыға жығылғанын анықтағаны туралы хабарлама түскен.

"Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 1-бөлігі "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" бойынша Петропавл қаласы полиция басқармасында соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қыз бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды", - делінген хабарламада.

Кәмелетке толмаған балаға 26 жастағы анасы мен 33 жастағы өгей әкесі зақым келтіргені анықталды.

"Олар өз кінәларын мойындап отыр, мұндай жағдайға баланың тіл алмауы себеп болғанын айтып түсіндірді. Істің барлық мән-жайын зерделеуге бағытталған соталды тергеу жүріп жатыр, оның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Астанада да ауруханаға түскен 7 жасар қыз үйіндегі жағдайдан кейін онда қайтқысы келмегені хабарланды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова