"50 мың шақырым жүріп өттім". Қазақстан жолдарын көлікпен аралаған министр әсерін бөлісті

"50 мың шақырым жүріп өттім". Қазақстан жолдарын көлікпен аралаған министр әсерін бөлісті
Фото: gov.kz

Көлік министрі Марат Қарабаев шамамен 50 мың шақырым жолды көлікпен жүріп өткенін, құрылысы ұзаққа созылған жолдарда болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство басшысының айутынша, республикалық жолдардың 92 пайызы, жергілікті жолдардың 87 пайызы нормативті нормаға сәйкес келеді. Жалпы елімізде 95 мың шақырымға созылған жол бар.

"Мен 50 мың шақырымға жуық жолды жүріп өттім. Бұл Алматыдан Астанаға дейін, Алматыдан Талдықорғанға дейін, Талдықорғаннан Өскеменге дейін. Содан кейін Ақтөбеден Қандыағаш, Мақатқа дейін бардық. Одан әрі Атыраудан Астраханьға дейін болдық. Сондай-ақ, елімізде құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатқан барлық жолда болдым. Бұл - БҚО, Өнеге, Есенсай жолдары. Сонымен қатар, Жезқазғаннан Қызылордаға, Қызылордан Түркістанға, Шымкентке, Таразға, Алматыға және тағы Өскеменге бардық. Алдағы аптада Ұлытау облысына бару жоспарда бар. Мұнда да құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр", - деді министр Үкіметтегі баспасөз орталығында.

Марат Қарабаев мәселе туындаған жолдарда болғанын, олардың сапасын тексергенін, енді айналма жолдады тексеруді жоспарлап отырғанын айтты.

"Биыл негізгі проблемалық учаскелер іске қосылды. Яғни Талдықорған - Өскемен, Алматы - Қарағанды, Атырау - Астрахань жолдары. Мұндағы негізгі учаскелер пайдалануға берілді, яғни осы жолдарда көлік қозғалысы үшін рұқсат етілген асфальттың төменгі қабаты төселген. Енді елді мекендерді айналып өтетін жолдарды аралау қалды", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін көлік министрі Марат Қарабаев жыл сайын еліміздегі жолдарды күтіп ұстауға 60 миллиард теңге керегін айтқаны хабарланды.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz