"Мыңнан бірі ғана шақырту алады". Данияда балет әртісі болып қызмет ететін қазақ жігіті таңғажайып хикаясын бөлісті 

"Мыңнан бірі ғана шақырту алады". Данияда балет әртісі болып қызмет ететін қазақ жігіті таңғажайып хикаясын бөлісті 
Фото: Мейрамбектің жеке архивінен

Данияда балет әртісі болып қызмет ететін қазақ жігіті Massaget.kz тілшісіне өзінің таңғажайып хикаясын бөлісті. 

"Ауылдың қарапайым баласымын"

Мейрамбек Назарғожаев 1996 жылы 7 наурызда Алматы облысы Іле ауданы, Қараой аулында дүниеге келген. Қазір Дания корольдік театрында балет әртісі ретінде жұмыс істеп жүр. Данияның астанасы Копенгагенге көшкеніне биыл 6 жыл болған. Мейрамбек 2006 жылы Алматы хореографиялық училищесіне түсіп, оқуын үздікпен, қызыл дипломмен бітірген. Көптеген дүниежүзілік конкурста, фестивальде жүлде иегері. Алайда ол кішкентай кезінде Еуропаның алдыңғы қатарлы елінде өмір сүріп, Дания патшайымының алдында өнер көрсетемін деп армандамаған. 

Мейрамбектің айтуынша, бұл өнерге деген қызығушылығы кішкентай кезінен басталмаған. 

"Бұл өнерге деген қызығушылығым бала кезден басталды десем, қателік болар, мен ауылдың шаңын жұтып, доп ойнап өскен ауылдың баласымын. Балет туралы түсінік аз болған. Бірақ ауылда көп концертте ән айтып, домбырада ойнайтынмын. Бала кезімнен өнерге жақын болдым. Алматы хореографиялық училищесінде анамның туған сіңілісі Фарида тәтем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін. Ол "Мейрамбек өнерге жақын ғой, қазір іріктеу жүріп жатыр, бағын сынап көрсін" деген. Бәрі содан басталды, - деді кейіпкер. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Мейрамбек Назаргожаев (@meiram0l)

"Мәссаған, мынау қандай өнер" деп таңғалдым"

Іріктеу 3 кезеңнен тұрған. Алайда Мейрамбектің дене бітімі алғашында балетке сай келмеген. Соған қарамастан ол пәндік емтихандардан жоғары ұпай жинап, мектепке қабылданған. 

"Мектепте сенбі сайын үлкен концерттер болып тұратын. Мектептің үздік оқушылары би билейтін. Сол концерттерді көріп, "мәссаған, мынау қандай өнер, адамдар қалай ұшып, түрліше секіреді" деп таңғалып, қызығушылығым арта түсті. Ауылға келіп, достарыма трюктерді көрсететінмін. Достарым әлі күнге дейін "былай көрсетуіші едің ғой" деп еске алады. Қызығушылығым тәтемнің арқасында артты. Одан кейін бұл өнердің қандай әдемі, шынайы екенін түсіндім", - деді ол. 

"Алға қойған мақсатым - Еуропада тәжірибе жинау"

Мейрамбек 2014 жылы училищені тәмәмдап, Мәскеуге аттанған. Онда Russian state ballet театрында өнер көрсеткен. Бұл - Ресейдің алдыңғы қатарлы театрлардың бірі. Театрдың директоры Вячеслав Гордеев өз труппасын ашып, кейіпкерді өзінің қол астына алған. Бұл театрда жұмыс істеп жүргенде Мейрамбек Кремльде, Большой театрында, Қытай, Еуропа мемлекеттерінің театрларында өнер көрсеткен. 

"Алға қойған мақсатым - Еуропада тәжірибе жинау. Германияның Кель қаласында қазақстандықтар жұмыс істейтін, ал мен ағылшынша түк білмейтінмін. Алдымен өз жерлестерім бар ғой деп сол қалаға көз түсті. Сол жердегі жігіттерге хабарласып, іріктеуден қалай өту керегін сұрап, видео жүктедім. Германияға барған сапарымда Кельге барып, директормен сөйлесіп, келісімшартқа отырдым. Ол жақта кішігірім театр, 20 ғана биші бар, бірақ деңгейі жоғары. Театр директоры орысша түсініп сөйлейтін, оның көмегі көп тиді. Жаттығулар ағылшынша өтетін, ал ол кісі маған арнайы орысша түсіндіретін", - деді ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Мейрамбек Назаргожаев (@meiram0l)

"Мынадай дәрежелі театрларға мыңнан бірі ғана шақырту алады"

Мейрамбек 1 жыл Ресейде, ал 2 жыл Германияда еңбек етіп, Данияға жол тартқан. 

"Дания корольдігі театрына шақырту алғанымның өзі бір қызық болды. Германияда жұмыс істеп жүргенде деңгейі жоғары, тарихы мол, үлкен театрларда жұмыс істесем арман ғой, сол жерлерде тәжірибе жинасам деген мақсат болатын. Сол кезде досым Дания корольдік театры туралы көп айтатын. "300 жылдық тарихы бар, әлемнің ең ескі театрларының қатарына кіреді, деңгейі өте жоғары, бишілері өте тамаша, репертуары да керемет, мықты хореографтармен жұмыс істейді" дейтін. Естігеніммен, ол туралы көп ойланбайтынмын. Түйіндемемді жіберіп көрейін деп шешім, алайда жауап аламын деп те ойлаған жоқпын, өйткені мынадай дәрежелі театрларға мыңнан бірі ғана шақырту алады. 2-3 аптадан кейін жауап келді, онда "белгіленген күні келіп, таңғы жаттығуыңызды көрсетіңіз" деп жазылған. Ол күн тура менің туған күніме түсіпті. Қуанып кеттім, барып, бағымды сынап көрейін деп ойладым. 2 күн бойы өнер көрсеттім, мені сынады, балет инспекторлары келіп қарады. Физиотерапевт тексерісінен де өттім. "Жауабын кейін айтамыз" деді. Мен өтпейтін шығармын деп ойладым. Мың адамнан 10 адам алғашқы іріктеуге өтеді, оның 3-еуі ғана келісімшартқа отырады. Тіпті "жоқ" десе де, бағымды сынап көргеніме қуанышты болдым. Кейін 1 аптадан кейін маған жауабы келді, қабылдандым. Қалай қуанғанымды айтып жеткізе алмаймын, алғашында сенбедім, өйткені жауап ағылшынша келеді ғой, ал менің ағылшыным әлі ондай деңгейде болмады, ресми жауап болған соң, күрделі жазылған. Досыма барып, "мен дұрыс түсіндім бе, қабылдандым ба?" деп сұрадым. Ол растады. Қатты қуанып, үйдегілермен хабарласып, қуанышты жеткіздім", - деді ол. 

"Даниялықтар - ең бақытты адамдар"

Мейрамбек Данияға көшкендегі алғашқы әсерін айтты.

"Алғаш рет іріктеу кезеңінде туған күнімде келген едім. Ол кезде жалғыз болмадым, менімен бірге жұмыс істеген әріптесім келген, ол да іріктеуге қатысты. Әріптесіммен "мына қалада тұрсаң ғой, архитектурасы керемет, тарихы бай, театры сұмдық, бұрыннан билейтін хореографтары бар" деп армандайтынбыз. 2 ай бұрын Астана опера театрында "Селфида" деген балеттің премьерасы болды. Ал ол бірнеше жыл бұрын мұндағы Гамлеби студиясында туған. Мұндай театрда жұмыс істеу - үлкен жауапкершілік. Адамдары да ұнайды, олар сондай мейірімді. Даниялықтар - ең бақытты адамдар. Қиын кезде жаныңнан табылып, қолдау көрсетуге дайын тұрады. Өмір деңгейі жағынан да алда тұр. Бір кемшілігі - ауа райының құбылмалы болуы. 5 минут сайын өзгереді. Мен үйреніп кеттім. Жаңадан келгендер "күннің көзін көресіндер ме?" деп таңғалып жатады. Өз басым құбылмалы ауа райын ұнатамын", - деді ол. 

"Көлікке қарағанда велосипед саны көп"

Оның сөзінше, менталитет, тұрмыс, мәдениет жағынан Қазақстан мен Дания арасында біраз айырмашылық бар. 

"Менталитет, тұрмыс, мәдениет жағынан келетін болсақ, айырмашылығы көп, бірақ ұқсастықтары да бар. Біздің еліміздегідей мейірімді, қол ұшын созуға дайын тұрады, бірақ мұнда адамдар - индивидуалистер. Әр адам өзіне және өз ісіне жауапты. Ал бізде жауапкершілік ауқымды. Мұнда адамдар білімге құмар. 60-70 жастағылардың университетке барып, 5-6-мамандық иелері атанады, спортпен шұғылданады. 90-дағылар таңертең жүгреді, апалар биге қатысады. Мұнда көбі велосипед тебеді. Велосипедке арналған инфрақұрылым жақсы дамыған. Мұнда тіпті көлікке қарағанда велосипед саны көп. Мысалы, бір отбасыда 2 адам болса, оларда 5-6 велосипед бар. Ол - салауатты өмір сүру салты. Ол ақшаның жоғынан емес. Біздің директор, тіпті көп депутат велосипедпен жүреді. Менің де велосипедім бар", - деді ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Мейрамбек Назаргожаев (@meiram0l)

"Бұл - демократиялық процесс, әрбір  жұмысшының ойы маңызды екенін көрсету, теңдестіру"

Мейрамбек қазір театр репертураындағы үлкен балеттерде өнер көрсетіп жүр. Ол "Щелкунчик" балетіндегі Ханзаданы дайындап жатырмын, Ханзада - бұл балеттегі ең басты роль. Бір ай бұрын The Dante Project деген балет жарық көрген. Ол - 21-ғaсырдың ең атақты хореографы Уэйн Макгрегордің туындысы. Сол кісімен бірге жұмыс істеп, алғашқы маңызды рольді ойнадым. 

"Бұл театрдағы жұмыс этикасы, жұмыс мәдениетіне қатысты кей заттар мені таңғалдырды. Көп хореограф бізге келіп, семинар өткізеді. Олардың айтуынша, біз - реформа жағынан алдыңғы қатарлы театрмыз. Басқа театрларда биші тек физикалық жұмыс істесе: репетициялық процестерге қатысады, театрдың қойылымдарын сахнада билейді, жаттығулардан қалмайды. Ал бізде жай физикалық жұмыс емес. Біз бишілермен бірге отырып, көптеген мәселені талқылаймыз. Мысалы, театрдың бағыты, стратегиясы, статистикасы, саясаты, расизм, толеранттық, таптаурынды би, мәдениетті қалай өзгерте алатынымыз. Жаңа келген бишілерге қалай көмектесе аламыз, мотивация болмаса, оған қалай көмектесе аламыз. "Копенгаген тұрғындарын балетке қызықтыру үшін, билет сатылымын көбейту үшін не істей аламыз?" сынды мәселелер көтерілетін семинарлар болды. Бұл - демократиялық процесс, әрбір  жұмысшының ойы маңызды екенін көрсету, теңдестіру. Қызық көп енді", - деді ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Мейрамбек Назаргожаев (@meiram0l)

"Түр бермей, биімді жалғастыра бердім"

Мейрамбек сахнадағы қызық жайттарды да бөлісті. 

"Сахнада қызық жайт көп болды. Бірде билеп жатып, балетке арналған аяқкиімім түсіп қалғаны бар. Бәрі күліп жатты. Мен түр бермей, биімді жалғастыра бердім. Сахнаның ортасында бір аяқкиім жатыр. Бәрі менің аяғымнан түсіп қалғанын түсінді. Барып алайын десең, музыка жүріп жатыр. Тағы бір балетте менімен бірге билеген қыздың көйлегі ілініп қалғаны бар. Одан ажырай алмай, бірге билеп жүрген кезіміз болды", - деді ол. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз! кезе

С. Бөлек