Алматы әуежайының бұрынғы директорын 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Алматы әуежайының бұрынғы директорын 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Фото: abilet.kz

Айыптаушы тарап Алматы әуежайының бұрынғы директоры Айбол Бекмұхамбетовті 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Түрксіб аудандық соты Алматы әуежайының бұрынғы президенті Айбол Бекмұхамбетов пен әуежайдың жанар-жағармай қызметінің бұрынғы бастығы Қуаныш Тұмышевке қатысты украиналық МАУ әуе компаниясының (Украинаның халықаралық әуе желісі) ұшақтарына жанармай құю кезінде 1 миллион 250 мың доллар сомасындағы әуеотынын ұрлады деген айыппен қылмыстық істі қарап жатыр.

Прокурор жарыссөз кезінде айыптау актісін оқып берді. Онда 2012 жылы Алматы халықаралық әуежайы мен ЖШС арасында жердегі қызмет көрсету және әуе кемелеріне жанармай құю бойынша келісім жасалғаны айтылды.

"2016-2018 жылдар аралығында ЖШС және екінші компанияның құрылтайшысы Л. жанар-жағармай мөлшерінің айырмасы үшін 1 миллион 250 мың доллардан астам қаражат алған, кейін Л., әуежайдың бұрынғы президенті Бекмұхамбетов пен Тұмашевпен өзара бөліскен", - деді прокурор жарыссөз барысында.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, әуежай президенті кеңесшісі мен жүргізушісі арқылы 913 мың доллар алдыртқан. Прокурорлар жалпы 1 415 тоннадан астам жанармай жетпей тұрғанын хабарлады.

"Бекмұхамбетов Айболды Қылмыстық кодекстің 189-бабының, 4-бөлігі, 2-тармағы ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде беру немесе жымқыру") бойынша кінәлі деп тануды және мүлкін тәркілемей, коммерциялық ұйымдарда басшы қызметтерін атқару құқығынан айырып, жазасын 46-баптың 5-бөлігінің 2-тармағы бойынша қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеп, 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Сотталушыға қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы күшін жойсын. 98-1-баптың негізінде Бекмұхамбетовтен Жәбірленушілерге өтемақы қорына мемлекет кірісіне 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерінде төлем өндіріп алынсын", - деп айыптау талабын прокурор оқыды.

Прокурор Бекмұхамбетовтің бұрынғы қарамағындағы қызметкері, әуежайдың жанар-жағармай қызметінің бастығы Тұмышевке де осындай жаза беруді сұрады. Сот бұл іс бойынша 28 қарашада шешім шығаруы керек.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан