Арман асуларына "Қазақконцертпен" қанат қақ!

Арман асуларына "Қазақконцертпен" қанат қақ!
Фото: "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз қызметі

"Арман асулары" - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерттің" 2022 жылдан бастап қолға алған жобасы. Ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларға арналған республикалық фестиваль әлеуметтік маңызға ие. Қатысушылар мен көрермендердің ыстық ықыласын, шынайы алғысын алып үлгерген әлеуметтік маңызы бар бұл жобаны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін үлкен мүмкіндік болмақ.

 Былтыр пилоттық жоба ретінде өткен көлемді шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 70-тен астам жас таланттар қатысқан еді. Биыл 28 қараша күні өтетін "Арман асулары" ІІ республикалық фестиваліне "Вокалдық орындау", "Аспаптық орындау", "Хореография", "Поэзия", "Бейнелеу өнері" және "Қолөнер" номинациялары бойынша 200-ге жуық өтініш түсті. Сонымен қатар қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі жоспарланып отыр.

Фестивальге Атырау, Ақмола, Шымкент, Астана, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ұлытау және Жетісу облыстарының өнерпаздары қатысады.

Гала-концертте фестивальге қатысушылармен бірге Айжан Нұрмағамбетова, Салтанат Ахметова, Нұрболат Арзамасұлы, Бауыржан Бекмұханбетов, Азат Мәлік, Әлихан Дүйсенбай, Гүлнар Көшенова, Дидар Әбдухалық, Әділхан Макин, Раим Уайс, Ербол Нариманұлы және "Меломен" тобы сынды танымал әртістер өнер көрсетеді.

Кеш қонақтары: Алтыншаш Мұқатаева және Айбын Жұмабеков.

Сонымен қатар St.Art әлеуметтік-мәдени қорының жетекшісі Станислав Цих және "Жұлдызай" халықаралық фестивалінің жетекшісі Алмагүл Сәлімбаева шеберлік сағатын өткізеді. Іс-шараға кіру тегін.

Фестивальге ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Астана қаласының әкімдігі қолдап, демеушілік көрсетіп отыр.

Материалды Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз қызметі ұсынған

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан